Заңсыз жолмен пайда табуды көздеген Көкпекті ауданының тұрғыны Алматыдағы танысынан марихуана сатып алған. Алайда әйел адам «тауарды» тұтынушыларына ұсынып үлгермеді. Қырағылық танытқан құқық қорғау органының қызметкерлері оны автобекетте есірткіні қабылдап алған жерінен қолға түсірді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Мадина Айтбекова (аты-жөндері толықтай өзгертілген) 42 жасында ерекше «кәсіппен» айналысуға бел байлады. Біреудің қоластында жүріп, айлық жалақыға күн көруді жөн санамаған ол, өзі жеке жұмыс істеп табыс табуды ойлаған. Таңдаған жолы арқылы қыруар ақша табамын деп көксеген әйел заңсыз әрекеттің қашанда зардабы болатындығын естен шығарды.
Алдын ала құрылған жоспар бойынша Мадина Алматы қаласындағы таныстарынан есірткі сатып алып, оны Көкпекті ауданы мен Семей қаласының тұрғындарына саудаламақ болды. Сөйтіп ол оңтүстік астанадағы 33 жастағы танысы Ерсін Ақановпен хабарласқан. Оған ақша жіберіп, 25 келі марихуана сатып алады. Ер адам есірткіні Шығыс Қазақстан облысына жеткізу үшін, оны қытайдың ала дорбасына салып, жүргізушіге берген. Дорбаның ішінде не бар екендігіне мән де бермеген жүргізуші бұл қызметі үшін ақша алады.
Келесі күні-ақ Мадина автобекетке келіп, «тауарға» қол жеткізеді. Заңсыз әрекеті әшкере болмас үшін жедел қимылдаған азаматша дорбаны көлігінің жүксалғышына салған. Міңе дәл осы кезде оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп жетіп, келіншекті құрықтайды. Тергеу амалдары аяқталған соң әйел адамның ісі сотқа жөнелтілген.
Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыларды жазадан жалтартпады. Сот үкімімен Мадина Айтбекова қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесіне 10 жылға қамалса, Ерсін Ақанов та дәл осы мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бірақ ер адам өз жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейтін болады. Есірткі заты тәркіленіп, толықтай жойылған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Асқар ТҰМАРБЕК