2017 жылдың 16 қараша күні Көкпекті ауданының Көкпекті ауылында танымал айтыскер, ақын Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдығына арналған іс-шаралар легі өткізілді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Мерейтойлық іс-шарада аудан орталығындағы Қ.Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің алаңында Қалихан Алтынбаевтың кеуде мүсіні қойылды. Оның ашылу салтанатында аудан әкімі Рамиль Сагандыков, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман мен Қалихан Алтынбаевтың ұлы Қалбай Қалиханұлы қатысты.
Сағат 14.30–да Қ.Алтынбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдығына арналған «Жыр тұнған жағасында Көкпектінің» атты республикалық ақындар айтысы өткізілді. Айтысқа Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы, Оңғар Қабденов, Тоба Өтепбаев,Марат Ахметов, Аспанбек Шұғатаев, Серік Қуанған, Нұрлыбек Құрманов, Жасұлан Мақаев, Манарбек Сатыпалды сынды ақындар бақ сынасты.
Ақындарға Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілов, белгілі айтыскер ақындар Серік Қалиев және Аманжол Әлтаев, жазушы Нұржан Қуантайұлы, ақын Дәмеш Омарова сияқты өнер майталмандары қазылық етті.
Қазылар шешімі бойынша айтыстың бір миллион теңгелік бас жүлдесін Ринат Зайытов иеленді. Бірінші орын Рүстем Қайыртайұлына, Екінші орын Аспанбек Шұғатаевқа, Үшінші орын Серік Қуанғанұлына бұйырды. Аудан әкімінің арнайы жүлдесін Көкпектілік жас ақын Жасұлан Мақаев алды.