Биыл Көкпекті ауданында Ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында кезекті рет «Толағай сұлтаны» халықаралық байқауы өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы аудан әкімі Асхат Смаилов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған болатын. Аудан әкімі мәлімдегендей, аталмыш сайыс деңгейі жылдағыдан жоғары болмақ.
– Тарихта орын алған «Отырардағы той» сияқты бұл байқау біздің өңірде өтіп, үлкен тойға ұласатынына сенемін. Ұлттық құндылығымызды бүгінгі ұрпаққа барынша насихаттап, әлемге жар салатындай болу үшін біз қазірден білек түре дайындыққа кірісіп кеттік, – дейді Асхат Сайдахметұлы.
Күні кеше аудандық Мәдениет үйінде облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова мен аудандағы Қоғамдық кеңес мүшелерінің, ақсақалдар алқасы және жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен кездесу ұйымдастырылды. Жиын барысында байқауды неғұрлым жоғарғы деңгейде өткізу мақсатында Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірі ескеріліп, жоспар құрылды.