Көкпекті ауданында жеті дүкен иесіне айыппұл салынған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның салдарынан әлеуметтік маңызы бар жоғары тауарлар мен азық-түлік түрлерінің бағасы негізсіз өспеуін және тапшылығы болмауын жергілікті атқарушы орган жетекшілеріне ұдайы назарда ұстау қажет екендігін тапсырған болатын.
– Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында Көкпекті аудан әкімі Асхат Смаиловтың тікелей бақылауымен Көкпекті, Самар ауылдарындағы сауда нысандарында азық-түлік бағалары арнайы құрылған жедел штаб қызметкерлерінің көмегімен тексерілді. Нәтижесінде аудан орталығында жеті дүкен иесіне азық-түлік бағасын орташа бағадан күрт өсіргенге және сақтық шараларын қолданбағаны үшін айыппұл салынып, Самар ауылында тоғыз дүкен жұмысын тоқтатты. Алдағы уақытта да дүкендердегі азық-түлік бағасы назарда болып, бақылау жүргізілетіні айтылды, – дейді Көкпекті аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Халық.