Көкпекті ауданында кіл мықты жігіттердің басын қосқан «Толағай сұлтаны» сайысында жұрт назары ауған қызықты шаралар аз болған жоқ. Соның бірі – еріктілер қатысуға мүмкіндік алған «белбеу күресі».
Иә, расымен де жұрт назарын аудартқаны рас. «Толағай сұлтаны» боламын деп талаптанып келген қатысушылар қазақ күресінен өзара кім мықтыны анықтап жатқанда қатарлас боз кілемде «белбеу күресі» өтізіліп жатқан еді. Бастапқыда бақ сынағысы келгендер тіркеліп жатқанда жанкүйерлер қарасы аз еді. Бірінші белдесу бастала салысымен халық назары осы жаққа ауды. Біртіндеп әлгі жерге күрес дегенде ішкен асын жерге қояр жандар үймелеп алды.
Көкпекті ауданына қарасты Бастаушы ауылында тұратын Төлен Кәрменов есімді аға буын өкілі ақтық сынға дейін айдарына жел есіп, сенімді өнер көрсетті. 60-тан асса да бүкіл ғұмырында спорттан шет жүрмегені анық байқалды. Екінші топта еркін күрестен елішілік додаларда топ жарып жүрген Шыңғыс есімді Көкжыра ауылының тумасы өзгелерден бір бас жоғары болды. Тәжірибе мен жастық «айқасқа» түскен кездесуде Шыңғыстың басымдығы байқалған еді, алайда ағасын сыйлаған өрен жеңісті Төлен ақсақалға сыйлады. Жұрт та разы, еріктілер де өз мүмкіндіктерін байқады. Ал осы додада Зайсан ауданының өкілі үшінші орынға ие болды.
Жеңімпазға – 30 мың, екінші орынға – 20 мың, сондай-ақ үшінші орыннан көрінген қатысушыға 10 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды.
Шыңғысқа еркін күрестен білгенін үйреткен бапкері Талғат Қасаинов шәкіртінің жеңісті ағасына бергенін мәрттікке балап, жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Әділхан ЕСІМХАНОВ