Газеттің өткен сандарының бірінде «Көкпектінің жолдары көңіл көншітпейді» деген тақырыппен аймақ бетінде мақала жарық көрген еді. Алайда берілген мәліметтерге нақтылық жетіспеді. Аудан әкімдігінің немкетті жауабы тақырып аясын біршама тарылтып жібергенімен, әйтеуір толық ақпаратты қай жерден алуға болатынын көрсеткен-тұғын. Бағытымыз айқындалды. «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамына сұраухат жіберіп, әу баста қамтылмай қалған сауалдарға толық жауап алып көрмек болдық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Бұл мәселе бақылауда тұр»
Қазір қандай жұмыстың қарқыны саябырсып қалса да, басты себеп біртіндеп болса да ізін суыта бастаған іргедегі індет. Бұл жұмыстың да бұлай созбалаңға салынуына осы жайт себепші болған көрінеді. Әлбетте бастан-аяқ емес, белгілі бір уақыт аралығында. Жалпы бұл учаске республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» автомобиль жолы бойында екенін ескерсек, бұл күндері соның 917-1002 шақырымына қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Әлбетте, логистикалық тұрғыда маңызды шаруа, дей тұрғанмен доңғалағы жарылып, сол аралықтан өтерде көлігінің істен шықпауын тілеп отыратын жүргізушілер қауымының тағаты күн санап тауысылып бара жатқаны жасырын емес.
– Осы жолдың бойымен Байбура асуынан ауыр жүк көліктерінің Қалбатауға қарай қозғалысы негізгі мәселе. Негізі жер қойнауын пайдалану келісімшарты аясында ауыр жүк тасымалдау көліктері арнайы технологиялық трасса бойымен жүрулері тиіс. Бұл мәселе құзыретті орган бақылауында, – деді «ҚазАвтоЖол» АҚ басшылығындағылар.
Қанша қаржы игерілді?
Орташа жөндеудің жүргізілмегеніне 10 жылдан асқан. Бұл да бір күрежол саналғандықтан осыншама уақыт ойдым-шұңқырға көз жұма қарап, еш әрекет етпеулері жергілікті билік пен сол кездегі мердігер ұйым тарапынан «сен тимесең, мен тименің» кері, болмаса о баста жүргізілген жұмыстың көңілге күдік қалдырған сапасыздығы. Айтпақшы, сол мердігерлер хақында. «ҚазАвтоЖол» өкілдерінің мәліметінше, құрылыс монтаждау жұмысы Қалбатау бағытындағы учаскелерді қамту негізінде 2018 жылы басталған. Берілген сұраухат жауабына сүйенсек, үкіметаралық келісімшарт негізінде және мемлекеттік сараптама қорытындысына сәйкес жауапты жұмыстың бір шетін шығарып, уақтылы тәмамдауға 40,9 млрд теңге бөлініпті.
– Қазіргі уақытта соның 7,8 млрд теңгесі игерілді. Өздеріңізге мәлім, пандемияға байланысты жұмыс қарқыны бәсеңдеді. Мердігер «ҚазГерСтрой БК» ЖШС тарапынан қаржылық қиындықтарға байланысты құрылыс қарқыны төмендеген. Қазіргі уақытта нарықтағы құрылыс материалдары бағасының қымбаттамауына қарамастан жұмыстар жалғасын табуда, – деді «ҚазАвтоЖол» басшылығындағылар.
Бір жылда бітіре ме?
Құптарлығы сол, жұмыс жоспардан ауытқымай, миллиардтар мән-мағынасыз жұмсалып кетпесе, аталған бағыттағы жолға асфальтты қалың етіп төсеу күн тәртібіне қойылған. Ресми жауапқа сәйкес Қалбатау-Көкпекті ауылдары бағытындағы «Омбы-Майқапшағай» (910-1002 шақырым) автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 92 шақырымды құрайды. Соның 26 шақырымы асфальтталып бітсе, 66 шақырымына келісімшарт негізінде үш қабатты асфальт төселмек. Жөндеудің қай түрі жүргізілуде деп сұрағанымызда, «қайта жаңарту жұмыстары» деген жауап алдық. Ал көптің көкейінде жүрген басты сауал «Қауырт тірлік қашан аяқталады?». Ресми жауап 2022 жылды белгіледі.
Осыған дейін газет редакциясына сан рет хабарласқан көкпектілік оқырмандар мен осы бағытта түрлі мақсат-жоспармен қатынап жүрген тұрғындар үшін соңғы сөйлемнің көзге оттай басылғаны сөзсіз. Демек қызу талқыға түсіп, жол машақатын тартып жүрген жерлестеріміз осы бір жыл ішінде мердігер ұйымның сапалы жұмысының куәсі болуға асық әрі өгізаяңға баспай, барынша уақтылы аяқтауларына тілекші. Оған қоса, бөлінген 40 млрд теңге қаржы да осы ойдың орнымен жүзеге асуына қамшылайды деуге сенім мол.
Әділхан ЕСІМХАНОВ