Көкпектілік палуан Римдегі рейтингілік жарысқа қатысады

463
көрілім
Фотосурет olympic.kz сайтынан

Жерлесіміз Данияр Қайсанов еркін күрестен «Matteo Pellicone Memorial» аталатын биылғы жылдың алғашқы рейтингілік турнирінде өнер көрсетеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Еркін, грек-рим және әйелдер күресінен өтетін беделді турнирде ұлттық құрама сапында бірыңғай алдыңғы қатарлы палуандар бақ сынамақ. Ел құрамасы ғана емес, дәстүрлі сайысқа әлемнің азуын айға білеген кіл мықтылары келеді деп күтілуде. Айталық, АҚШ-тан Олимпиада ойындарының чемпионы Кайл Снайдер (97 келі), жарыс қожайыны, екі дүркін Әлем чемпионы Франк Чамизо сынды жетістігі бір басына жететін жампоздар турнир көркін қыздырмақ. Айта кетейік, Чамизо бақ сынайтын 74 келі салмақта жерлесіміз Данияр Қайсанов пен осы салмақта 2016 жылы әлемдік додада күміс медаль иеленген Нұрлан Бекжанов өнер көрсетеді. Тағы бір айта кетерлігі, америкалықтар осы салмақта тосынсый деп дайындап отырған Кайл Дэйкті үкілеп қоспақ. Естеріңізде болса, Дэйк өткен жылы елордада өткен Әлем чемпионатында 79 келі салмақта топ жарған болатын. Енді Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін 74 келіге ауысуды жөн көрді.

Рим шаһарындағы байрақты бәсеке қаңтар айының 15-18 күндері аралығында өтеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ