Әдетте қырық жастан кейін өмірде көретін қызық азайып қалатындай болып сезіледі. Ал шын мәнінде қай жасыңда болмасын өмірлік ұстанымың алға қойған мақсатыңа байланысты екенін көкпектілік Рашид Болатұлы өз өмірімен дәлелдеп жүр. Ол қырық жыл өмірін артқа қалдырғаннан кейін кәсіби түрде велосипед теуіп, Қазақстанның түкпір-түкпірін аралаған.
Клиникалық өлім өмірімді өзгертті
Байпақпаев Рашид Болатұлы 1961 жылы Көкпекті ауданы Толағай ауылында (бұрынғы Шегелек) туған. Қазір Көкпектіде тұрады. «Жігітке жеті өнер де аз» дегенді өмірлік ұстанымы етіп алған ол элентромонтер, механик, көлік жүргізушісі, тракторист, рентген лобарант сияқты бірнеше кәсіп түрлерін меңгеріп қана қоймай, компьютерлік сауаттылықты арттыратын курсты да оқып алған.
Бұл күнде немерелі болған Рашит Болатұлы велосипедін серік етіп, Қазақстанның түкпір-түкпірін аралауға бел байлайды.
– 1982 жыл. Семейде оқу оқып жүрген кезім. Автобусқа үлгеру үшін жүгіріп келе жатқан едім. Артымда келе жатқан көлік кенеттен мені қағып кетіп, екі күн ес-түссіз жаттым. Дене сүйектерім жеті жерден сынып, маған бес рет ота жасады. Клиникалық өлімді басымнан кешіргесін денсаулығымды қалпына келтіру керек болды. Мен сол мақсатта велосипед тебе бастадым. Кейін отбасы құрып, тіршілік қамымен кеттік. 1999 жылы велосипедпен Күршім ауданына, 2001 жылы Тарбағатай ауданына бардым, – дейді Рәкең.
Мақсаттан мақсатқа…
– Осы уақытқа дейін неше велосипед ауыстырдыңыз?
– Бұрын «Орленок», «Урал» маркалы велосипедтерім болды. 2006 жылы барлық жиған-терген ақшамды қосып, Семейге. Балам екеуміз 35 мыңдық велосипед таңдап алдық. Ол кезде «Жигули» көлігі сол таңдап алған велосипедтен арзан болатын. Таңғы сағат бесте ауылыма жолға шықтым. Сол күні 270 шақырым жолды артқа тастап, түнгі сағат 02.00 шамасында ауылыма жеттім. Келесі күні таңғы сағат сегізде жұмыс орнымда отырдым.
– Алғашқы ұзақ сапарыңызға қашан шықтыңыз?
– 2011 жылы Астанаға жол тарттым. Көкпектіден Астанаға дейінгі ара қашықтық 1 100 шақырым. Ол жаққа тоғыз күн жүріп жеттім. Ал 2012 жылы 4 маусымда Рәміздері күніне орай Көкпекті – Алматы – Түркістан бағытында жолға шығып, көздеген жеріме 20 күнде жеттім. Өзім қағазға сызып алған кесте бойынша жүріп отырдым. Қалбатау, Жарма, Аягөз және басқа да жерлерде мені күтіп алып, тамақтандырып, жолға шығарып салып отырды. Көлікпен қуып жетіп, қонақ қылғандар да көп болды.
Рашид Байпақбаев Түркістанға 20 күнде жеткен
– Жолда қандай қызықтарды тамашалап, қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– Жолда адамдар мені тоқтатып, бірге фотосуретке түседі. Кейбір ер-азаматтар менің тәуекел ете білетін қасиетіме ризашылықтарын білдіріп, керек болып қалар деп қолыма ақша ұстатады. Кейбір адамдар көліктерімен мені жаныма келіп тоқтап, қолдарындағы сусындарын ұстатып кетеді. Оларға да өте ризамын. Кейде алдымнан шыққан адамдар «Не мақсатпен бұлай жүрсіз?» деген сұрақ қояды. Мен оларға «Сізді көріп, танысып, амандасу үшін жүрмін» деп қалжыңдап жауап беремін. Қарсы алдымнан ішімдік ішіп алған адамдар да шығып дігірлеген. Ойланып тұрмай, велосипедіме отырып алып, қаша жөнелдім. Қуып жете алмады (күледі).
– Қиын сәттерде келген жеріңізде тоқтап, кері қайтқыңыз келіп кетпей ме?
– Мені ешқашан ондай ой мазалаған емес. Мен алдымнан кедергіні емес, жету керек мақсатты ғана көретін адаммын. «Ерді намыс өлтіреді» деген жақсы сөз бар. Кеткен жолыммен кері қайтып, елдің мазағына қалғанша, көздеген мақсатыма жетіп, жастарға үлгі бола білгенім артық емес пе?! Астанадан қайтып келе жатқанда жел маған қарсы бағытта соқты. Сол кезде велосипед тебу қиынға соқты. Жамбыл облысындағы Қордай асуын басып өту де оңай болмады. Бірақ алдымнан қандай кедергі шықса да Қазақстанның түкпір-түкпіріне велосипедпен баруды доғарамын деген ой келген жоқ.
«Астанаға 9 күнде жеттім»
– Алыс жолға шыққанда күніне неше шақырымды бағындырасыз?
– Күніне орташа есеппен 100-120 шақырымды бағындырып отырамын.
– Ал осы уақытқа дейін велосипедпен шамамен қанша шақырым жол жүріп өттіңіз?
– 120 000 шақырым жерді басып өттім.
– Алдағы уақытта Қазақстанның қай аймағына барғыңыз келеді?
– Ақтау мен Атырауға баруды жоспарлап жүрмін. Мұның бәрі оңайшылықпен іске аспайды. Демеуші керек. Ойым іске асады деп сенемін.
– Велосипед тебудің пайдасын айтып бере аласыз ба?
– Әрине! Біріншіден, велосипед тебу адамның қан қысымын қалпына келтіреді. Екіншіден, артық салмақтан арылтады. Үшіншіден, жүрек қан-тамыр жүйесін, зат алмасу, тыныс алу қызметін жақсартады. Төртіншіден, велосипед тепкен адам жас болып көрінеді, себебі ол қан айналым жүйесін жақсартады. Бесіншіден, велосипед тебу ұйқысыздық дертіне таптырмас ем. Ол адамның ерте тұрып, ал түнде жастыққа басы тие салып тез ұйықтап кетуіне оңды әсер етеді.
– Қазіргі жасыңызда алыс сапарға шығу денсаулығыңызға, өміріңізге қауіпті деп ойлайсыз ба?
– Мен ешқашан адамның өмірін оның өмір сүрген жасымен өлшемеймін. Жас болсаң да өміріңді бір қалыпты, бір сарынды, қызықсыз етіп өткізуге болады. Жасың ұлғайса да әр күніңді мәнді, мағыналы, қызықты етіп өткізуге де мүмкіндік бар. Ол үшін адам жасы кедергі бола алмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Зарина ӘБІЛМӘЖІНОВА