Осы сұрақтың жауабын табу қиынның қияметі боп тұрған сыңайлы. Біріне бірі сілтеген құзырлы мекемелер. Әсілі, жуық арада жөнделмейтін сияқты. Тек такси жүргізушілері ғана емес, темір тұлпары бар қарапайым тұрғындар да машақат тартып, әр барып келген сайын жарылған доңғалағы мен «ходовкаға» келген шығынның есебін шығарумен келеді. Ең алдымен Көкпекті мен Жарманы жалғап тұрған күре жолдың жағдайы, содан соң Семейге апаратын бағыттың қазіргі ахуалы түйіні тарқамай тұрған күрделі мәселе. Алайда аудан әкімдігі сайт тілшісі жіберген ресми хатқа жарым-жартылай ғана жауап берді.
«Жарытып жұмыс бітіргендері шамалы»
Белгілі бір мөлшерде сөздерінің жаны бар шығар. Барлық сауалға қаз-қалпы жауап беру құзыреттеріне жатпайды. Дей тұрғанмен сол қамтуға қауқары жеткен сауалдардың өздеріне толыққанды жауап берсе құптарлық еді. Дегенмен орындаушының олқылығы ма, әлде компьютер пернетақтасын басу кезіндегі немкеттілік пе, бізге беймәлім, әйтеуір он сұрақтың оныншысына ғана үн қатқан. Қош. Бұл жағын мақала соңында сөз етерміз. «Омбы-Майқапшағай» жолы бойындағы тасжолдың шұрқ тесігі жайлы тұрғындар не дейді?
– Жармаға дейін 90-ақ шақырым. Қырық тесік қасқа жол әлі сол қалпы! Жөндеу жұмыстары басталғанына 10 жыл болды. Жарытып бір жұмысты тындырғандары шамалы. Жолақысы күрт өсіп, бензин бағасы бір-екі айдың ішінде алты пайызға қымбаттады. Енді бірер жыл болса, Көкпектіден Өскеменге қатынау да мүмкін болмайтын сияқты, – дейді Ерназар Байымханов (аты-жөні өзгертілген).
Аудан басшылығы мұның барлығын «ҚазАвтоЖолдың» қарамағына тапсырды. Десе де сұраухатты аталған акционерлік қоғамына қайта жолдап, оның жауабын күту біршама уақыт алатындықтан берілген мәліметті місе тұтуға мәжбүр болдық. Тым құрығанда Көкпекті-Жарма аралығындағы жолдың жөндеу жұмысы қашан басталғанын, қаншалықты нашарлап кеткенін сандары бар бірнеше сөйлемдер жиынтығымен ұсынса құба-құп болар еді, алайда осы тұрғыда тіс жармауға бекінгендей. Не дегенмен бұл жайында әзірге шенеуніктердің ұртына құм құйылып тұр.
– Биыл Көкпекті өңірінің аудандық маңызы бар автомобиль жолдары және ауыл көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, – деп бірнеше елдімекеннің тізімін ұсынды.
Қай ауылдар қамтылады?
Орташа жөндеу деген тіркестен соң қамтылатын жол учаскелерінде асфальттың талапқа сай етіп төселетіндігі белгілі болды. Тізімнің басында Тассай ауылына кіреберіс жолдың 0-9 шақырым бөлігі қамтылады делінген. Тоғыз шақырымға асфальт тегіс төселсе, бұл да ауыз толтырып айтарлық жаңалық болмақ. Сұраухат жауабында нақты қай айда басталатындығы жазылмаған. Бұдан соң «Үлкенбөкен-Көкжайық-Үлгілімалшы» автомобиль жолының 14 шақырымы жөнделеді деп тұр. Демек, бірнеше жылдан бері сапасы сыр беріп, ойдым-құрдым тұстары көбейген учаске де асфальтталып, көлігі барлардың көңілі орнығатындай. Сондай-ақ ішкі жолдары ара-тұра жеке кәсіпкерлер қалтасынан қалпына келтіріліп отыратын бұрынғы аудан орталығы көшелерінің жолдары да биылдан қалмай бастапқы қалпына келуі бек мүмкін. Аудан әкімдігі осылай дейді. Қазір Самар ауылындағы Советская, Киров, Қазақстан және өзге де көше жолдарының кетеуі кетіп, қыс бітіп, қар сөгілгенде көлшікке айналып, орташа жылдамдықпен ойда-жоқта орғып өткен көлік иелерінің шұрқ тесікке түсіп, сан соғып жатқандары жасырын емес.
Шенеуніктер де шаршаған шығар
Ал «Омбы-Майқапшағай» күрежолы бойында Жарма өңірі мен Семейге апаратын жолдағы қауырт жұмыстың толыққанды қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Бұған тек көкпектіліктер ғана емес, келімді-кетімді өзге де қала, аудан тұрғындары бір үміт, бір күдікпен қарап отыр. Жанармай мен жолақы қымбат, ал жол жағдайы жанды жабырқатарлық. Тұрғындардан тыс, осы аралықта талай шенеунік пен атқамінерлер де қатынайды. Салдыр-гүлдір мен сапасы кеткен жолдармен жүріп өздері қажыған болар. Не де болса, немкетті қылық танытпай, өгізаяңға созылған жұмыстың аяқталуына түрткі болар деген сенім бар.
Сайт тілшісі алдағы уақытта ҚазАвтЖолдың басшылығы мәліметі негізінде «Омбы-Майқапшағай» жолы бойындағы жөнделмеген учаске жайлы тағы да мақала ұсынатын болады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ