Қоқыстан алынып мектепке қойылмақ

338
көрілім

Хәкім Абайдың мүсіні Өскемендегі қоқыста жатқандығы тек облыс халқын емес, мұқым республика жұртшылығын дүр сілкіндірген еді. Ұлы ақынның мүсініне кезінде Шемонаиха ауданының әкімдігі тапсырыс берген екен. Алайда мүсінші өз жұмысын аяқтағаннан кейін шенеуніктер ақша төлеуден бас тартыпты. Осылайша ұлы Абайдың мүсіні ешкімге керексіз қалған.

Абай Құнанбаевтың мүсінін жерлесіміз, марқұм Владимир Самойлов жасаған.

– Бұл ескерткішке 2014 жылы Шемонаиха ауданының әкімдігі тапсырыс берді, – дейді мүсіншінің ұлы Владимир, – Әуел баста олар әкеме 500 мың теңге беретіндіктеріне уәде еткенмен, мүсін жасалып біткен соң бағаны түсіре бастады. Содан барып, мүлде алмайтындықтарын айтып, ешқандай тапсырыс жасамағандарын алға тартты.

Оның айтуынша, әкесі аудан әкімдігімен жазбаша емес, тек ауызша келісім жасапты. Осыған дейін Абайдың мүсіні оның жер үйінің ауласында тұрған екен.

– Үйге жөндеу жұмыстарын жасап жатқандықтан ескерткішті қақпаның сыртына шығарып қойдым, – дейді Владимир Самойлов, – Жолай өтіп бара жатқан ешкім де мүсінге мән берген жоқ. Тек оның қасына қоқыс шығарылғаннан кейін ғана үлкен шу болды. «Абайдың мүсіні қоқыста жатыр» деген сөз бүкіл Қазақстанға жайылып кетті.

Бұл ақпарат Өскемен қаласы әкімдігіне де жетті. Жергілікті билік көп ұзамай мүсінді сатып алу жайлы шешім қабылдады.

– Бірнеше күн бұрын қалалық әкімшіліктің өкілдері келіп, ескерткішті сатып алды, – дейді Владимир, – Әкімдіктің базасына көшірілген Абайдың мүсінін өзім бояймын. Мүсін қалыпқа келгеннен кейін облыс орталығына орналастырылатын болады.

Айта кету керек, Владимир Самойловтың тағы бір туындысының тағдыры әлі күнге дейін белгісіз болып отыр. Бұл Абай мен Михаэлиске арналған атышулы ескерткіш. Ол қазір мүсіншінің ұлының үй ауласында жатыр.

Соңғы деректерге сүйенсек, Абайдың мүсіні Өскемен қаласындағы №33 мектеп ауласында тұғырға қонатын болыпты.

– Ұлтымыздың ұлы ақынына арналған бұл мүсінде біраз кемшіліктер бар, – дейді шаһар басшысы Жақсылық Омар, – Оны Алматыдағы Республика сарайының алдындағы Мұхтар Әуезовтың кеңесімен жасалған мүсінге ұқсатып түзетуіміз керек.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ

Фотосурет Владимир Самойловтан алынды