Көкжыра ауылының тұрғындары Наурыз мейрамын қалай атап өтті?

285
көрілім

Самар ауданына қарасты Көкжыра ауылының халқы биыл да әз-Наурызға білек сыбана кірісті. Сол күні рауан таңда ызғар байқалғанымен, ауылдастардың жарқын ой жетегіндегі жанталасы қатқан қарды жібітіп жібергендей еді. Салтанатты шара бірнеше бағытта жалғасатыны бірден байқалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көкпардан концертке дейін

Наурыз айының 21-і күні Құлынжон тойлатса, ертеңінде Көкжыра топырағында көкпар тартылып, аударыспақтан мықтылар анықталды. Төңірек әлі қалың қардың астында жатыр. Дегенмен тұлпарлар тұяғына кедергіге болмады. Ұзын-ырғасы 30-ға тарта палуан атқа қонды. Мұндағы іскер азаматтардың бірнешеуі әр салымға қаржылай сыйлық тағайындаған. Жаппай көкпар жалғасып жатқанда, ауыл ішінде концерттік бағдарлама қолға алынды. Көпшілік Қасымхан мешітінің алдында бас қосты. Ақшаңқан киіз үй тігіліп, сахна құрылды.

Өгіз өлді салымы көкжыралық Абылайхан Есенбековке бұйырған соң, салт аттылар мен көрермен мешітке қарай ойысты. Ол жақта жергілікті ұстаздар мен өнерлі ұл-қыздар шара көркін қыздырды. «Сырғалым» тобы қазақ биін ұсынса, Інжу Өсерхан, Самғар Мұқият сынды оқушылар сахнаға көтеріліп, ән шырқады.

Түс ауа Самар ауылынан Жандос Нұрқасымов келіп, өнердегі інісі Мирас екеуі әндер легін жалғады. Дәл іргесінде ашық аспан астында еркін күрестен жарыс бөгеу ағытылды. Білікті бапкер Талғат Қасайнов 30-ға тарта балғын спортшыны жинаған. Олар төрт салмақта үздіктерді анықтады. Жасыратыны жоқ, осыған дейін шағын ауылдан ел чемпионы атанып, құрлықтық додада жүлдеге іліккен жастар шықты.

– Жанарында оты ойнаған бүлдіршіндеріміз көп. Ауылда күрес бұрыннан бар. Бапкер табылса, сол дәстүрді қайта жандандыруға болады. Бозкілемді қайта әкелетін едік. Әсіресе, 20, 28 келіге дейінгі салмақтарда дарынды бүлдіршіндердің бары қуантты, – деді бапкер.

Айларға жалғасқан әзірлік

Іле гір көтеріп, ерлерден бөлек, нәзік жандылар да арқан тартысты. Қызығы сол, азаматтар аударыспақта атой салып жатқанда, бұрымдылар жүгіріп жарысты. Екі жас ерекшілігі бойынша жүйріктер анықталды. Айта кетерлік жайт, айналдырған бірнеше сағатта ауыл жұрты талай қызық көріп үлгерді. Шараны ұйымдастырушылардың бірі Азамат Мәжібаевтың айтуынша, мейрамның өз деңгейінде атап өтілуіне әр тұрғынның үлесі зор. Бұйырса жылда қолға алынады.

– Жастар бастама танытып, ересектер қолдай кетті. Бір жарым ай бұрын айтылып, біртіндеп дайындық басталды. Биылғы ерекшелігі сол, тай жарысы мен аударыспақ бағдарламаға енді. Көкпар тартқан жігіттерге қосылған көрші ауылдардың палуандары аянып қалмады. Концерт қызықты өтсін деп асаба-жүргізуші шақырдық. Бұл ретте мектеп ұжымымен тізе қостық. Жалпы, ауылдастардан бөлек, басқа жақтарда тұрып жатқан Көкжыраның тумалары қорға қаражаттарын аударды. Кейбірі «тойға қосқан үлесіміз» деп малын беріп, азық-түлік ұсынды, – деді ол.

Ұлттық спорт түрлерінен жеңімпаз атанып, жүлде алғандар, әдемі би өрнегін көрсеткендер ақшалай сыйлыққа ие болды. Аударыспақтан Ержүрек Байғабылов үздік шықса, арқан тартудан «Қайрат» командасы қарсылас шыдатпады. Ересектер арасында гір көтеруден Ризабек Батпақов – үшінші, Азат Желдібаев – екінші және Талғат Қасайнов бірінші орын иеленді.

Әрі қарай жоғары жылдамдықпен жүйткіген нәзік жандылар марапатталып, еркін күрес палуандары сыйлықтарын алды. Жиынның салтанатты бөлігі тәмамдала, барлығы бір кісідей буы бұрқыраған Наурыз көжеден дәм татты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ