Аягөз қаласында жаңадан салынған бірнеше әлеуметтік нысан қолданысқа берілді.
Аягөз қаласында 600 орындық жаңа мектеп-лицей ғимараты қолданысқа берілді. Құрылысы қарқынды жүргізілген мектеп ғимараты толықтай заманауи білім құралдарымен қамтылып, сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Бұл жөнінде ШҚО Ақпарат орталығы хабарлап отыр.
Құны 1 миллиард теңгені құраған мектеп-лицей құрылысы аягөздіктер үшін баға жетпес сый болғаны рас. Өйткені аталмыш аудан өңірдегі білім сапасы бойынша алдыңғы қатарлы аудандардың бірі саналады. Өткен жылы еліміз бойынша ҰБТ-да ең жоғарғы көрсеткішке ие болған 8 түлектің екеуі Аягөзден болса, биылғы ҰБТ-да облыста ең жоғарғы 137 балл алған бес жастүлектің екеуі осы Аягөзден.
Аягөздіктерді айтулы оқиғамен құттықтаған облыс әкімі Даниал Ахметов аудан мектептеріне Назарбаев зияткерлік мектептері стандартындағы 10 интерактивті тақтаны сыйға тартты.
Сондай-ақ осы күні "Аягөз ауданының рухани және тарихи-мәдени мұрасы" тақырыбында ұйымдастырылған республикалық конференция аясында қала қонақтары мен аудан тұрғындары Аягөз қаласында жаңадан ашылған екінші деңгейлі инсульт орталығының жұмысымен танысты. Аталмыш орталық науқас дерттін анықтаудан толық сауыққанына дейінгі аралықта толық қызмет көрсетеді.
Өңір басшысының айтуынша, аудандық орталық аурухана перинаталды көмек көрсетудің үшінші деңгейіне көшетін көрінеді. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен Аягөз ауданына қосымша 111 миллион теңге қаржы бөлу жоспарланған. Аталмыш қаражатқа әйелдер босанатын бөлімге ана мен сәбидің денсаулығын қадағалайтын заманауи құрылғылар сатып алу көзделуде.
Бұдан басқа облыс басшылығы мен қонақтарға толық жарақтандырылған стрит-воркаут және балалардың ойын алаңдары таныстырылды.
Айсұлтан АЗАМАТ