Көмек көрсетуге міндетті

383
көрілім

Соңғы кездері орын алып жатқан оқиғалар бейнебір соғыс алаңынан жеткен дабыл сынды: су тасқынынан Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Аягөз, Катонқарағай аудандары зардап шекті. Глубокое, Зырян, Шемонаиха аудандарында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Ондаған елді мекен су астында қалып, тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілді. Жүзден астам үйдің қабырғасы қақырап, тұруға жарамсыз болып қалды. Осылайша тұрғындар баспаналарынан айырылды…

Ары қарай не істеуге болады? Табиғат апатынан зардап шеккен отбасылар мемлекет тарапынан көмек ала ала ма? Осы мәселені газет тілшісі анықтап көрді.

Үйлерін тасқын су алып кеткен адамдардың жағдайлары қазақстандық заңнамада "күрделі өмір жағдайы" деп көрсетіледі. Яғни, бұл "азамат өз күшімен қауқар таныта алмайтын оның өмір сүру жағдайын қиындататын объективті жағдай" деген сөз.

Бір қызығы, аталмыш түсініктің ішіне табиғат апатынан зардап шеккендермен қатар басқа да санаттағы адамдар кіреді. Мысалы, облыс орталығының депутаттары өз қаулыларымен мұндай санатқа жетімдерді, қаңғыбас және бұзақы балаларды, мүгедектерді, туберкулезбен, вирусты гепатитпен, онкологиялық және ВИЧ ауруымен ауыратындарды, миокард инфарктіне ұшырағандарды (алғашқы жарты жылда), жатқан ауруларды және қарттарды, үйсіз-күйсіздерді, колониялардан босап шыққандарды және аз қамтылған отбасыларды енгізіп қойған. Сондықтан төменде берілген ақпарат аталмыш санаттағы адамдарға да қызықты болуы мүмкін.

Бірден айта кетелік, осыған дейін күрделі өмір жағдайында қалып қойған азаматтарға Өскемен қалалық мәслихатының қаулысымен 100 айлық есептік көрсеткіш (2018 жылы ол 240 500 теңге болған) мөлшерінде мемлекет тарапынан бірреттік көмек көрсетіліп келген. Бірақ, қазіргі уақытта аталмыш мөлшер қайта қаралуда. Қай уақытта бекітілетінін біз қосымша хабарлайтын боламыз.

Ең бастысы, әр жағдай бойынша нақты берілетін соманы әкімнің шешімімен құрылған арнайы комиссия шешеді. Сонымен қатар, ереже бойынша әлеуметтік көмекті азаматтар жылына бір рет қана алуы керек.

Келтірілген шығынға қалай өтемақы алуға болады?

Әрекет ету тәртібі келесідегідей. Егер үйіңізді су басса, бірден судың қай жерді басқанын көрсете отырып акт жазуыңыз керек. Акті жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің немесе ауылдық әкімдіктің өкілдерімен куәландырылуы қажет. Нақтылау үшін бірнеше көршіңіздің қолын қойдырып, су басқан жерлерді суретке немесе бейнетаспаға түсіріп алғаныңыз жөн. Бір қажеті болады.

Қазіргі уақытта қала әкімдігі жанынан тұрғын үйлерді тексеретін арнайы комиссия құрылған. Сондықтан акт жасату үшін өзін-өзі басқару комитетіне, сондай-ақ аталмыш комиссияға жүгінуге болады (сізді Тургенев көшесі, 33 мекенжайында орналасқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қабылдайды, телефондары: 55-14-13, 55-10-56).

Аталмыш акті мен басқа да құжаттарды арнайы үлгі бойынша толтырылған өтінішпен қоса жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне (облыс орталығы үшін бұл қалалық жұмыспен қамту бөлімі) тапсырасыз. Құжаттарды оқиға орын алған күні тапсыра қою міндетті емес. Өйткені ереже бойынша құжаттарды оқиға орын алған соң үш ай ішінде де тапсыруға болады.

Өтінішпен қатар мына құжаттар қажет болады:

- жеке куәлік;

- тұрғылықты мекенжайы бойынша анықтама (ХҚКО-дан немесе ауылдық округ әкімдігінен тегін аласыз);

- үлгіге сәйкес отбасы құрамы туралы ақпарат;

- отбасы мүшелерінің табысы жайлы ақпарат;

- күрделі өмір жағдайына ұшырағанын нақтылайтын акті немесе басқа құжат.

Құжаттардың көшірмесімен қатар түпнұсқасы да (салыстыру үшін) қажет. Сонан соң әлеуметтік қызмет өкілдері құжаттардың тек көшірмелерін ғана өздеріне қалдырып, түпнұсқаларын өтініш берушілерге қайтарып береді.

Егер құжаттар өрт немесе тасқын су кезінде жойылып кетсе, өтініш пен күрделі өмір жағдайына ұшырағандығын растайтын актіні ғана беруге болады.Жұмыспен қамту бөлімі әлеуметтік көмек беру туралы шешімді басқа да құзырлы органдар мен ұйымдардың деректері бойынша шығара алады. Мысалы, зейнеткер туралы ақпаратты мемлекеттік төлемақы орталығы, ал жұмыс істейтін адам туралы ақпаратты мемлекеттік зейнетақы қоры бере алады.

Көмек беру туралы шешім көп күттіре ме?

Әлеуметтік көмек беру туралы құжаттар сағатпен қаралады десе де болады.

- Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өтініш берушінің құжаттарын бір күн ішінде азаматтың жағдайын тексеру үшін учаскелік комиссияға жолдайды.

- Құжат қолдарына тиген соң екі жұмыс күні ішінде учаскелік комиссия өтініш берушінің материалдық жағдайын зерделеп, қорытындысы бойынша акті жасайды. Аталмыш тексерудің мәні неде дейтін шығарсыз? Комиссия мүшелері зардап шеккен отбасы мүшелерінің қайда жұмыс істейтінін, істемесе не себепті жұмыс жасамайтынын анықтайды. Отбасында неше баланың барын, олардың қажетті заттармен қаншалықты қамтылғанын сұрастырады. Отбасында мүгедек баланың, ҰОС қатысушысының және әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын (мұндай аурулардың тізімі өте үлкен, ол тізімдегі ауруларды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы "Әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесін бекіту туралы" №367 бұйрығынан қарап біле аласыздар) мүшелерінің бар жоғын анықтайды.

- Отбасының қандай жағдайда өмір сүретінін, баспананы күтіп-ұстауға қанша қаражат кететінін және оның осы отбасына тиесілі жалғыз баспана ма, жоқ па екенін анықтайды. Сонымен қатар комиссия отбасының әр мүшесінің ай сайынғы табыстарын соңғы тоқсан бойынша тексереді. Әрине, әр деректі сәйкес құжатпен нақтылау қажет. Берілген құжаттардың толық болмайтын жағдайлары болады (мысалы құжаттар тасқын судың кесірінен жоғалып кетсе). Мұндай жағдайда комиссия құзырлы органдардан қажетті деректерді сұратады.

Мысалы, комиссия аталмыш отбасыға көмек беруді орынды деп шешті делік. Комиссия "Тұлғаға (отбасыға) әлеуметтік көмектің қажеттілігі туралы" қорытынды шығарып, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қайтара жолдайды.

- Құжаттар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келіп түскен соң учаскелік комиссияның құзырлы органы бір күн ішінде жапа шеккен отбасының жан басына шаққандағы табысын есептеп, құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына жібереді.

- Арнайы комиссия екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсетудің қажеттілігі жөнінде қорытынды шығарып, оның көлемін анықтауы қажет.

- Жалпы айтқанда, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы зардап шеккен отбасының өтініші тіркелген соң сегіз күн ішінде әлеуметтік көмек беру немесе бермеу жөнінде шешім қабылдауы қажет. Егер комиссия қосымша құжат сұратса, ары-бері жолданатын хаттардың жауап берілу уақытын есепке ала отырып шенеуніктерге шешім шығаруға бір ай уақыт берілуі мүмкін (анығын айтсақ өтініш тіркелген күннен бастап 20 күн ішінде).

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі барлық хат алмасулар қорытындысы бойынша өтініш берушіні қабылданған шешім жайлы хабардар етуі керек.

Төтенше жағдай тіптен жақсы

Өңірде жарияланған төтенше жағдай зардап шеккендер үшін тіптен жақсы. Өйткені олар "Азаматтық қорғаныс туралы" заңына сәйкес денсаулыққа және дүние-мүлікке келтірілген шығынның орнын толтыртуға үміт арта алады. Мысалы, баспанасынан айырылғандарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй беріледі.

Дегенмен, заңда келтірілген шығынның орны "жапа шеккендердің минималды қажеттіліктерін қанағаттандыру шеңберінде" ғана өтелетіндігі жазылған. Жылжымайтын мүлік санатына жатпайтын уақытша тұрғызылған, шаруашылық және басқа да құрылыстардың шығыны өтелмейді. Бағалы киімдер, сәндік заттар, көркем құндылықтар мен зергерлік бұйымдар да саналмайды.

Егер сізге көмек беруден бас тартылса, ал сіз өзіңізді құқылымын деп есептесеңіз не істеуге болады?

- Егер сізге көмек беруден себепсіз бас тартылса, міндетті түрде өз құқығыңызды қорғаңыз, - дейді заңгер Алтынай Аринова. - Су кіріп қабырғасы қираған үйіңіз жалғыз баспанаңыз болса, көмек алуға қалай да тырысқаныңыз жөн. Әрине, ережеде жан басына шаққандағы табыс белгіленген мөлшерден жоғары болса, мұның көмек көрсетуден бас тартуға себеп болатыны белгіленген. Бірақ онда барлығын комиссия шешеді деп жазылған. Сондықтан мәселеге жекелеп мән берген дұрыс.

Біріншіден, келтірілген ірі шығынды тәуелсіз бағалаушының көмегімен-ақ анықтап, отбасының жалғыз баспанасының қирап, жанұя мүшелерінің далада қалғанын көрсетіп, өтемақы алуға өтініш беруге болады. Екіншіден, төтенше жағдай қызметі су тасқыны болатынын алдын ала хабарлады ма? Жоқ па? Ендеше өтемақы алуға асығыңыз.

Айталық, ескерту болды, бірақ үйіңіз ойпатта орналасқандықтан оны су басу қаупі зор делік. Ендеше су тасқыны болатыны хабарланған соң бірден әкімдікке хабарласып табиғи апатқа қарсы көмек көрсетулерін сұраңыз. Бұл әсіресе үй иесі қауқарсыз немесе іссапарға кетсе (іссапарда, вахталық әдіспен жұмыста болса), ал қалған отбасылары тасқын суға қарсы әрекет ете алмайтын болса. Ештеңеге қарамастан барлық шараны жасадыңыз (құм толы қаптарды сатып алып, арық қаздыңыз), бірақ мемлекеттік органдар сізге ешқандай көмек көрсетпеді делік. Мұндай жағдайда батыл түрде өтемақы талап ете аласыз! Ең бастысы, өтінішіңіз міндетті түрде тіркелген және қолыңызда үзік талон болуы керек.

Келіспеушілік орын алған кезде жоғары тұрған органға шағымдана аласыз (барлық жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жоғары тұрған органы болып облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы болып табылады). Егер ол жер де сіздің талабыңызды қанағаттандырмаса кез келген уақытта прокуратураға (прокурор заңның орындалу барысын қадағалауы қажет) немесе сотқа шағымдануыңызға болады.

Ерлен ОСМАНОВ

 

Фотосуреттің астына