Өңірдегі татами шеберлері Алматыда өткен Конфедерация кубогінде топ жарып, облыстағы дзюдошылардың дайындығы ойдағыдай екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өткен жылы жерлестеріміз жүлдеден шет қалған болатын. Алайда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен спортшылар түрлі оқу-жаттығу жиындарына қатысып, тәжірибелерін толықтыра түскен. Одан бөлек, аймақтағы дзюдо Федерациясының президенті Рустам Закариянов та ұдайы қолдауын аямаған. Естеріңізде болса, татами шеберлері еркін күрес палуандары сияқты қазан айында жартылай финалда жолдама алып қойған болатын. Конфедерация кубогіне дейін Өскеменде өткен Марат Чегеевты еске алуға арналған халықаралық турнир де жерлестерімізге біршама тәжірибе болғаны сөзсіз. Шаһардағы дзюдо орталығында сапалы әзірлік жүргізген спортшыларымыз артынып-тартынып Алматыға жол тартты. Жартылай финалдағы қарсылас – Алматы облысының дзюдошылары. Сөйтіп команда қоржынына алғашқы ұпайда семейлік Қуан Барыс салды. 73 келіде татамиге беттеген жерлесіміз өзінің сыралғы қарсыласы Ілияс Нүсіпбайдан басым түсті. Десе де 70 келідегі Зере Бектасқызы жеңісті жолды жалғастыра алмай Мөлдір Нарыноваға жол берді. Таразы басы теңесті.
Бұдан іле 90 келі салмақта өз мүмкіндігін байқаған Алмас Акрашев Айдос Майданның осал тұсын тауып, айқын ұтты. Ал бұдан кейін алыптар бәсекесінде Әділ Оразбаев (90 келіден жоғары) және бұрымдылар арасында Назерке Тілеуханова (70 келіден жоғары) белдесулерін жеңіспен аяқтап, ақтық сынға жолдама әперді. Әрі қарай жерлестеріміздің жолы ақтөбеліктермен түйісті. Жеңіске деген соңғы қадам. Алайда 70 келі салмақта алғашқы белдесуін сәтсіз өткізген Зере Бектасқызы бұл жолы жинақылық танытып, қарсыласы Аруна Жангелдинаның жолына тосқауыл қойды. Дегенмен келесі кездесуде 90 келі салмақтағы жерлесіміз Ғабит Дәулетбай Әділет Миссиннен айласын асыра алмай, таразы басының теңесуіне мүмкіндік бермеді. Жағдайды Назерке Тілеуханова түзеп, Аяла Мерекені қосымша берілген уақытта ұта білді. Оның ізін ала ауыр салмақтағы Әділ Оразбаев Дархан Темірхановты мерзімінен бұрын жеңіп, басымдықты нығайта түсті. Жалпы есеп – 3:1. Зарина Сарипова (57 келі) белдесуін сәтті өткізсе болды, жеңіс жерлестеріміздің қолында! Алайда Алматы облысының өкілі Бақыт Құсақбаева оңай шағылар жаңғақ болмады. Қосымша уақытта жеңіске жетіп, есепті 3:2-ге жеткізді. Соңғы болып Қуан Барыс татамиге беттеді. Қарсылас самбодан Әлем чемпионы Есет Қуанов. Алайда бұдан қаймыққан Қуан жоқ. Белдесу бойы белсенділік танытуымен болды. Сөйткенде қосымша уақытта әдіс жасауға жиі әрекеттенгені ескеріліп, қарсыласына ескерту берілді. Осылайша жартылай финалда қоржынға алғашқы ұпай әперген Қуан, командаға жеңіс ұпайын да әкелді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ