Көп-көрім таныстық орнатып, әрі қарай да әңгіме шертісуге құмартқан екеу қонақүйге барған. Бірақ жоқ жерден арты дау-дамайға ұласты. Жуықта Өскемен № 2 қалалық сотында осының ақ-қарасы анықталды. Қонақүйде жігітімен жүздескен соң ісі айыпталушы ретінде қаралған бұрымдыға қатысты қылмыстық іс қаралып, нүктесі қойылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, қыз әлеуметтік желі арқылы ер адаммен танысқан. Олар Өскемендегі қонақүйлердің бірінде кездесіп, уақытты көңілді өткізуге келісті. Биыл сәуір айының ортасында өзара сезім қылын жалғай түсу үшін жоғарыда жазғанымыздай, қонақүйлердің біріне келеді. Ер адамның Toyota Progress көлігімен. Барған жерлерінде бөлмеге дастархан жаюға тапсырыс беріпті. Іш пыспасын, әңгіме суымасын деп тентек суды да татып үлгерді. Масайып қалған қала тұрғыны нәзік жандыға ұйқы қысып, сәл мызғып алғысы келетінін айтқан. Қыз келіскен. Бірақ аз уақыттан соң зерігіп, өз бетінше көңіл көтеруді көздейді.
Көп ойланбастан, айыпталушы танысының күрткесінің қалтасынан көлік кілтін алып, серуендеп қайтпақшы болған. Мас күйінде рөлге отыруға болмайтынын бір сәт қаперінен шығарып алды. Темір тұлпарды тізгіндегеннен кейін ол автотұрақтан шығып, жол белгілеріне қарамастан қаланың басты даңғылдарымен жүріп отырған. Бірнеше минуттан соң айыпталушы жүргізіп келе жатқан көлік патрульдік полиция экипажының назарына түседі. Әлдене шикі екенін байқаған полицейлер сиренасын қосып, жол-көлік ережесін бұзушыны қуып жетіп, тоқтауын талап еткен. Әңгіме барысында біршама қызық болды. Көлік иесі өзін қонақ үй бөлмесінде тәртіп сақшылары оятқан кезде, қатты абдырады. Toyota-ның орталықты «бір аралап шыққанынан» бейхабар. Нәтижесінде жаңа танысқан құрбысы ұрлау (көлік ұрлығы) мақсатынсыз көлікті заңсыз иемденді деп айыпталды (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабы 1-бөлігі).
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Шын жүректен өкініп, түсіністік танытып, кешірім жасауды өтінді. Сот ісі қысқартылған тәртіппен қаралды. Мемлекеттік айыптаушы қала тұрғынына бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
Өскемен №2 қалалық сотында ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігіне сәйкес көзделген құқық бұзушылық ауырлығы аз қылмыстар санатына жататындығы жазылған.
– Бұдан бөлек, қоғамдық жұмыстарға тартылу, бас бостандығын шектеу және екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Кінәні жеңілдететін жағдайлар – бұл шын жүректен өкініп, кінәні мойындау. Жазаның түрі мен мөлшерін анықтау кезінде сот қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін, кінәлінің жеке басын, кінәсін мойындауын ескеріп, 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту түрінде жаза тағайындады, – делінген материалда.
Яғни, қызып алып, өзгенің көлігін айдап кеткен бұрымды көше сыпырады. Бірақ үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Альдина МҰРАТБЕКОВА