Көпбалалы ана ретінде зейнеткерлікке ерте жастан шыға аламын ба?

948
көрілім
Биыл 53 жаста едім. Бес баланың анасымын. Кенже балам биыл 7 жасқа толды. Өзімде бар-жоғы тоғыз жыл ғана жұмыс өтілім бар. Естуімше, бес баланы сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген әйелдердің ертерек зейнеткерлікке шығуға құқы бар көрінеді. Келесі жылы балам сегіз жасқа толған соң 54 жастан зейнеткерлікке шығуыма бола ма? Болса, зейнетақым қандай көлемде есептеледі?

Айгүл Н., Катонқарағай ауданы

Сіздің сұрағыңызға Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Сәтеков жауап берді:

— «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 11-бабының 3-тармағына сәйкес, 20 жыл еңбек өтілі бар, бес және одан да көп баланы босанған (асырап алған), оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасында зейнетке шыға алады.

Газет редакциясына хабарласқан Айгүл Н. көпбалалы ана ретінде зейнеткерлікке бесінші баласы 8 жасқа толған кезде шыға алады.

Зейнетақы мөлшерін белгілеу азаматтардың еңбек өтілі мен табыс мөлшеріне қарай жүргізіледі. Зейнеткерлік жасына жеткен кезде Айгүл Н. 9 жыл еңбек өтілі бойынша толық емес көлемдегі зейнетақы тағайындалатын болады.

Зейнетақы төлемдерінің толық емес көлемдегі мөлшері толық зейнетақы төлемінен 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне пропорционалды түрде есептеледі.

Бірге тұратын төрт және кәмелетке толмаған (18 жасқа дейінгі) балаларды (оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін жоғары және арнаулы орта оқу орындарында іштей оқып жүрген балаларды — (оқу орнын бітірген уақытқа дейін, бірақ 23 жастан аспайтын) бар көп балалы отбасыларға ҚР «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.

Ал жергілікті бюджет қаражаты есебінен жеңілдіктер, материалдық көмек көрсету сұрақтарымен тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне хабарласуға болады.

Зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішті тұрғылықты мекенжайы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ ШҚО бойынша филиалы «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы департаментінің» аудандық бөлімдеріне (бұрынғы зейнетақы төлеу бөлімшесі) төмендегі құжаттармен қоса ұсынуы керек:

— жеке басты куаландыратын құжат;

— тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай немесе ауыл әкімдерінің анықтамасы);

— екінші деңгейдегі банктердегі банк шотының нөмірі туралы құжат;

— Жеке тұлғаға төленген және міндетті зейнетақы жарналары табысынан жүзеге асырылған табыс сомалары туралы құжат;

— еңбек кітапшасы;

— білімі туралы құжат;

— балалардың туу туралы куәліктері (немесе азаматтық хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазба немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама);

— балаларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген фактіні растайтын құжат.

Балаларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген фактіні растайтын құжаттар:

— балалардың жеке басын куаландыратын құжаттар;

— балалардың неке туралы куәліктері, некені бұзу туралы куәлік немесе неке қию туралы актілік жазбадан үзінді көшірме (тегін өзгерткен кезде);

— балалардың оқу орнында оқитыны туралы құжат;

— балалардың тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелген орнын растайтын құжат;

— балалардың қайтыс болуы туралы куәліктері;

— әскери билет;

— баланы тәрбиелеу, асырап алу фактісін белгілеу туралы соттың шешімі.