Көпір құрылысы қашан басталады?

589
көрілім

Күршім ауданына жұмыс сапарымен ат басын бұрған облыс әкімі Даниал Ахметов Бұқтырма суқоймасының үстінен салынатын көпір құрылысының қай уақытта басталуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды газет тілшісі ШҚО Ақпарат орталығына сүйене отырып.

Бұқтырманың қос жағасына жету машақатын тартқан күршімдіктер жақын жылдары өндірген өнімдерін паромға, я болмаса айналма жолға телмірмей-ақ тіке тартқан жолмен жеткізуге мүмкіндік алмақ. Бұлай деуімізге себеп жоқ емес. Өйткені Күршім және Көкпекті аудандарының арасын жалғайтын көпір құрылысының басталуына бірнеше қадам жасау ғана қалған сыңайлы. Бүгінде Күршімге қатынайтын паром жүк пен жолаушы тасымалдауда белгілі бір межеден аса алмайды. Оның үстіне тәулігіне 1,5 мың тонна дизель отынын жағатын паромнан гөрі суқойманың үстіне көпір салу тиімді әрі уақыт пен қаражатты үнемдейтіні белгілі.

Даниал Кенжетайұлының айтуынша, шетелдік инвестор аталмыш жобаға қызығушылық танытқан көрінеді, сондай-ақ көпірдің жобалық-сметалық құжаттамалары да әзірленіп, қажетті сараптамалардан өтіп қойған. Алайда бір ғана мәселе, кедергі келтіруде — ол валюталық қауіп-қатер.

- Аталмыш жобаны іске асыру кезінде доллардың теңгеге деген бағамының өзгеруі валюталық қауіп-қатерді ұлғайтады, - дейді өңір басшысы. - Мұндай қауіп-қатерді сақтандыру қос тарап құқықтарының шектелуіне жол бермейтіні рас. Сондықтан қазір біз аталмыш мәселені біржақты ету мақсатында үкіметпен жұмыс істеп жатырмыз. Жақын арада бір шешімін табамыз деп ойлаймын.

Бұдан басқа, аудан орталығы Күршім ауылын абаттандыруға жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ жақын жылдар ішінде ауданның елді мекендерін газбен қамтамасыз ету де жоспарда жоқ емес.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ