Биыл облыс аумағында шегірткеге қарсы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 128 мың гектардан астам алқап өңделіп, зиянкестерден арылды. Бұл жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің ШҚО аумақтық инспекциясы хабарлап отыр.
Анықталған алқаптар өңдеуден өтті
Мамандардың айтуынша, өңіріміздің оңтүстік аумағында – италиялық прус шегірткесі, ал Зайсан, Алакөл жағалауларында және Аягөз өзенінің Балқаш көлімен түйісер тұсында азиялық шегіртке кең таралған екен. Олардың дәнді-дақыл алқаптарын, бау-бақшаларды, жайылымдар мен шабындықтарды тып-типыл етіп отайтыны бесенеден белгілі.
- Биылғы жылы итальян шегірткесіне 791 мың гектар алқап зерттеліп, оның 93,2 мың гектарына зиянкестердің жерсінгені анықталды, - дейді аумақтық инспекция басшысының орынбасары Берікбол Дүсіпов. - бүгінгі таңда оның 62,3 мың гектарына химиялық өңдеу жүргізілді. Соның ішінде Көкпекті ауданының - 21,7 мың, Күршім ауданының - 11,5 мың, Зайсан ауданының - 4,0 мың, Үржар ауданының - 13,4 мың гектары өңдеуден өтті.
Бұдан басқа өңірімізде азиялық шегірткеге қарсы 510 мың гектар алқап зерттеліп, оның 28,8 мың гектарында зиянкестердің бар екендігі анықталған. Жою шараларын дер уақытында қолға алған Үржар ауданы 11,5, ал Аягөз ауданы 8,25 мың гектар аумақты химиялық өңдеуден өткізді. Облыс бойынша үйірлі шегірткені өңдеу жұмыстарына 5 ұшақ, 1 аэрозольді генератор, 5 ультра кіші көлемдегі бүріккіштер жұмылдырылды. Сондай-ақ үйірсіз саяқ шегірткелерге қарсы күрес шаралары жергілікті атқарушы органдар арқылы жүргізілді. Биылғы жылы жоспарланған 8,69 мың гектардың 7,13 мың гектарынан зиянкестер анықталып, өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Қытымыр қыстың қыспағы
- Өткен қыстағы саршұнақ аяз бен қар жамылғысының аздығы топырақ тоңын бір-бір жарым метр қалыңдыққа дейін тереңдетіп шегірткелердің таралуына кері әсерін тигізді. Нәтижесінде былтырғы болжамның - 68 % ғана орындалды. Сонымен қатар шегіртке жұмыртқалары ерте көктемдегі жауыннан болған мол ылғалдан шіріп кетті. Соңынан қатты ыстық және құрғақшылық шегірткенің топырақ бетіне салған жұмыртқалары кептіріп тастады. Сондықтан итальян шегірткесіне Аягөз, Тарбағатай аудандарында болжанған көлемге ауа райының салдарына байланысты, ал азиялық шегірткеге Зайсан ауданында болжанған көлемнің су астында қалуына байланысты тиісті химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Бұдан басқа цифрландыру шеңберінде аса қауіпті зиянды организмдердің, оның ішінде шегіртке зиянкестерінің таралу ошақтарының электрондық картасы құрылып, hosting. wialon бағдарламасымен GPS трэкерлер мен GPS навигаторлар қолданылды. Осы жүйені пайдалана отырып координаталарды және тиісті зерттеу жасалған жерлер мен өңдеу жұмыстары жүргізілген аумақтарға сараптамалар жасалынды, - деп қосты жауапты тұлға.
Көршілес Ресей және Қытай мемлекеттерімен шекаралық аймақтарда бірлескен тексеру жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ 10-17 шілде аралығында Қытайдың Шауешек, Дүрбілжің, Толы, Шағантой, Қаба, Жеменей аудандарындағы бірлескен тексеру жұмыстары тамыз айының соңында Шығыс Қазақстан өңірінің Қытаймен шекаралас орналасқан аудандарында жалғасын таппақ. Бұбан бөлек 15-26 маусым аралығында Ресеймен шекаралас аудандардағы 2850 гектар алқапта да біріккен зерттеу жұмыстары жүргізілді. Аталған шаралар бойынша шегіртке қаупі төнген кезде қос тарап келіп түскен ақпаратқа сәйкес шұғыл әрекет ету жөнінде келісті.
***
«Шегірткеден қорыққан егін екпес» дейді халық даналығы. Дегенмен, дер кезінде қолға алынған іс-шаралардың арқасында үйірлі шегірткенің іргелес облыстар мен көрші мемлекеттер аумағына кіріп кету жағдайлары орын алған жоқ. Облыс көлемінде де ауылшаруашылық жерлерінің зиянкестермен зақымдалуына жол берілмеді. Осы себепті мамандар өңіріміздегі фитосанитарлық ахуалдың жылдан-жылға тұрақталып келе жатқанын айтып, ауыл шаруашылығымен айналысуды құп көрмейтіндігін шаруа қожалықтары мен ауылшаруашылық тауар өндірушілерін жермен жұмыс істеп, диқаншылық, егіншілік кәсіпке бет бұруға үндеді.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ