3 желтоқсан күні кешкілік уақытта Ұлттық ұлан сарбаздарына бір азаматша жүгініп, белгісіз біреудің өзіне тап беріп, ұрып, зорлық көрсеткенін айтқан. Нәтижесінде күдікті тез анықталып, құрыққа түсті, деп хабарлайды газет тілшісі YK-News.kz сайтына сүйене отырып.
"Шығыс" қолбасшылығы баспасөз қызметінің өкілі Бағдат Амангелдінің хабарлауынша, оқиға 3 желтоқсан күні кешкі сағат 17.00-ден кейін орын алған. 5518 әскери бөлімінің сарбаздары Өскемен қаласының Космическая көшесін патрульдеп жүрген. Бір мезетте патрульдік топ басшысы Дулат Тұрымовқа бір әйел жүгіріп келіп, өзін белгісіз біреудің ұрып, зорлық көрсеткенін айтқан. Ұлан сарбаздары азаматша айтқан бағытқа барып, іздестіру жұмыстарын жүргізеді.
- Космическая көшесіндегі №5 үйдің ауласынан әйелдің айтқан сипаттамасына келетін ер адам тоқтатылады. Құжаттарын тексеру кезінде күдік туғызған 50 жастағы ер адам мән-жайды анықтамақ үшін бөлімшеге апармақ болған кезде қаша жөнелген, - деп қосты Бағдат Амангелді.
Күдікті Сэм есімді қызметтік иттің арқасында құрыққа түсті.
Зардап шеккен азаматша күдіктіні таныған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Ерлен ОСМАНОВ