Коронавирус: ШҚО-да 11 қазақстандық пен 4 қытайлық тексерілуде

292
көрілім

Коронавирусқа қарсы іс-әрекет ету мақсатында ШҚО тұрғындары үшін арнайы оқшауланған медициналық стационарлар қарастырылған, деп хабарлады Buqara.kz тілшісі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

- ҚХР-дан облыс аумағына қайтып келетін әрбір Қазақстан азаматын шекарада медицина қызметкерлері тексереді. Егер жөтел, тұмау, дене қызуы және коронавирустың өзге белгілері болмаса, Қазақстан азаматы арнайы медициналық стационарға 14 күн мерзімге бақылауға орналастырылады. Осы кезең өткеннен кейін аурудың қандай да бір белгілері болмаған жағдайда ол азамат стационардан шығарылады, - делінген хабарламада.

Коронавирустық инфекция симптомдары анықталған жағдайда науқас бірден инфекциялық ауруханаға жатқызылады.

- Облыстың медициналық ұйымдары қажетті дәрі-дәрмектермен, маскалармен, қолғаптармен, сондай-ақ қорғау костюмдерімен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда арнайы медициналық стационарда 15 адам бақылауда жатыр (11 Қазақстан азаматы және 4 ҚХР азаматы). Бүгінде бақылауға алынған азаматтардың бірде-біреуінде коронавирус белгілері анықталған жоқ, - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Қытай азаматтары Қазақстанға үшінші елдерден келген, олар транзиттік жолаушылар болып табылады және медициналық тексеру аяқталғаннан кейін (14 күн) елден кетеді.