Коронавирус туралы жалған ақпарат таратушылар тәртіптіп жауапкершілікке тартылмақ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚазАқпарат қа сілтеме жасап.
«Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясына қатысты жалған ақпарат таратушыларға қарсы бүгін Ішкі істер министрлігіне шағым жолданады. Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус инфекциясы Қазақстанда тіркелмегенін тағы да мәлімдеймін», - деді Елжан Біртанов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында.
Министр коронавирус инфекциясын алдын алу үшін қол мен бетті қайта-қайта жуып, сақтық шараларын қабылдау керектігін айтады. Сонымен қатар, қызуы көтеріліп тұрған адамдармен де байланыста болмауға тырысу керек екенін ескертті.
«Коронавирус ушығып тұрған елдерге саяхаттауды қоя тұрған абзал. Қазіргі таңда ауру тараған елдердің бәрі де коронавирусқа қарсы вакцина әлі әзірленбегенін хабарлап жатыр. Сондықтан барлық елдегі емделу әдістерін бақыладық. Құпия ештеңе жоқ. Интернетте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының таратқан ақпаратын көрсеңіз болады: негізінен әртүрлі вирусқа қарсы тактика. Қабылдануы тиіс дәрі-дәрмектің ішінде ВИЧ-инфекциясына қарсы препараттар да бар. Олар Қазақстанда жеткілікті. Препараттар жағынан Қазақстанда ешқандай проблема жоқ», - деді ол.
Айта кетсек коронавирусқа қатысты жалған ақпараттың таралуына – Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов та алаңдаушылық білдірген еді. Сондай-ақ ол Үкіметтің коронавирусқа қатысты жағдайды бақылауында ұстап, тиісті шараларды қабылдап жатқанын айтып берді.