ҚР Ұлттық Ұланы "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы байланыс взводының әскери қызметшісі, кіші сержант Данияр Берлібеков ҚР ІІМ басшысының "Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін"медалімен марапатталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Данияр Берлібеков тамыз айының 19-ы күні таңсәріде пәтерінен шыққанда сыртта жүрген көршісінің мысығын байқаған. Соны ескертпек болып көршісінің үйіне келгенде, әйелдің денесі құрысып, аузынан көбік ағып жатқанын көрінеді. Данияр уақыт жоғалтпай дереу жедел жәрдем шақырып, көршісіне алғашқы медициналық көмек көрсете бастаған.
Сын сағатта көмекке ұмтылғанын ескерген "Шығыс" ӨңҚ 5518 әскери бөлімінің командирі подполковник Бақытжан Көлбаев ҚР ІІМ министрінің медалін жеке құрам алдында салтанатты түрде табыстады.
- Ол кезде ойлануға уақыт болмады. Менің орнымда кім болса да осылай істер еді, сол себепті өзімді батыр деп санамаймын, - дейді Данияр.