Қос азаматтығы бар заң бұзушы ел аумағынан шығарылды

490
көрілім

«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы барысында полицейлер қос азаматтық фактісін анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ресей азаматы заңнамада белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасының азаматтығын алу фактісі туралы хабарламағаны үшін ел аумағынан шығарылған.

- Өткен жылдың желтоқсанында әйелдің тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шықпай Ресей Федерациясына кетіп, сол елдің азаматтығын қабылдағаны анықталды. Осылайша елдің азаматтық туралы заңнамасын бұзған, - делінген мәліметте.

Шетелдіктен Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі мен төлқұжаты алынып, ҚР азаматтығынан айырылғаны тіркелді. Бұдан бөлек, ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы 2-бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасы аумағынан шығарып жіберу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

- Мемлекет Конституциясына сәйкес елде қос азаматтыққа жол берілмейді. «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» ҚР Заңының 21-бабына сәйкес басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда, көші-қон қызметі бөлімшелерін 30 күн ішінде хабардар ету қажет, - деді ШҚО ПД баспасөз қызметіндегілер.