ШҚО драма театры сахнасында француз комедиографы Жан Батист Мольер пьесасының тұсаукесері қалың көрерменнің басын қоспаса да, отырғандарға түрлі ой салды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қоюшы режиссер Абай Дәулетұлының өзі де образға еніп, сайқымазақтың киімінде тамашалап отырғандарды бір күлдіріп алды. Бірақ оны пьесаға еш қатысы жоқ, тұсаукесер алдындағы бой жазу деді. Ал комедияның өзіне келсек, Жан Батист Мольер оны 1645 жылы жазыпты. Өскеменде тұңғыш рет сахналанды. Күлкі күні алдындағы тосынсый деп қабылдадық.
Басты кейіпкер Сганарель ойда жоқта емші атанып, Жеронт байдың сарайынан бір-ақ шығады. Негізінде біреуден ілгері, біреуден кейін ғұмыр кешіп жатқан қарапайым ағаш кесуші. Тек әйелімен жиі ұрсысып, анда-санда сабап алатыны болмаса, сауатты адам. Жеронт байдың қызының тілі байланып қалған соң емші іздеп шыққан екі адам ақыры Сганарельге жолығады. Оларға бұрыс бағыт беріп, ағаш кесушіні «ұлы емші» еткен әйелі күйеуінен кегін осылай қайтаруды көздеген.
Ащы суға үйірсек Сганарельді аяқ асты емші қылған екеу сүйінші хабарды байға жеткізіп, шиеліністі оқиғалар бірінен соң бірі көрініс береді. Отырғандар «қоюшы режиссер декорацияны жетеріне жеткізіпті» дегенді бірнеше рет қайталады. Ағаш кесушінің мылқау қызды емдеймін деп қырық өтірікке басуы, өзіне жүктелген міндетті орындамас бұрын, қызқұмарлыққа да баруы қоғамдағы түйіткілдерден сыр шертіп тұрды. Пьеса тәмамдалар тұста «Тең теңімен, тезек қабымен» деген тәмсілдің сол уақыттан күні бүгінге дейін мұртын бұзбағанын байқауға болады. Себебі, тіл бітіп, сөйлеп кеткен Жеронт байдың қызы Люсинда өзіне есі кеткен Леандрмен қосылуға ынтызар екенін дүркін-дүркін айтып жүрген. Бірақ әкесі қарсы болды. Алайда Леандр отбасындағы мұра иесі болғанын айтқанда, бай бірден өзгеріп шығады.
– Осы комедияны әзірлеуге үш айдай уақыт кетті. Қиынға түскені рас. Өскеменде тұңғыш рет сахналанды. Бәлкім, Қазақстанда көлемінде де солай болуы мүмкін. Бұл классикалық шығарма, сондықтан мәселелердің маңыздылығы төмендемек емес. Бай мен кедей құда бола алмайды деген әлеуметтік теңсіздікті көрдік. «Еріксіз емші» деген атаудың тереңіне үңілсек, өз саласында жүрмеген көп адамдарды мысал етуге болады. Аға-көке деген әдіс қоғамда әлі көп. Қысқасы, өзі жетік білмеген соң «Еріксіз емшіге» жүгінгендер соңында көз жұмды, – деді Абай Дәулетұлы.
Режиссер неліктен көшпелі театр үлгісіндегі комедия екенін де түсіндіріп өтті.
– XVI-XVII ғасырларда театрлар осылай көшіп жүріп өнер көрсеткен. Кез келген қалаға келіп, сахнада баратын салатын актерлер мұны қалыпты жағдай деп қарады. Қойылым саны мен деңгейіне қарай бір апта, бір ай жатулары мүмкін. Әзірге көрермендер саны осылай шектеулі болды, – деді ол.
Әділхан ЕСІМХАНОВ