ҚР БҒМ мен ЭКСПО басшылықтары халықаралық көрме билеттерін сатып алуға мәжбүрлемеуге шақырды

854
көрілім
ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ЭКСПО басшылығы халықаралық көрме билеттерін сатып алуға мәжбүрлемей, алдағы шараны барынша әйгілеуге шақырады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚР БҒМ ресми сайтына сілтеме жасап.

ЭКСПО-2017 көрмесі әрбір қазақстандықтың мақтанышына айналуы тиіс, сондықтан да көпшіліктің осынау әлемдік маңызы бар ауқымды шараның өткізілу құрметі еліміздің еншісіне тигендіктен, оған қатысу ниеті, билеттерді сатып алуы – патриотизмнің белгісі. Білім және ғылым министрлігі мен ЭКСПО басшылықтары жергілікті атқарушы органдардың, басқа да ұйымдардың басшыларын мұғалімдерді көрме билеттерін сатып алуға мәжбүрлемеуге шақырады. Өз тарапынан ҚР БҒМ көрме билеттерін сатып алуға байланысты қандай да бір бұйрық жасамағанын, сонымен қатар мұндай әрекеттерге қарсы екендігін жеткізеді, – делінген хабарламада.

Ресми сайтта жазылғандай, министрліктің бұл жайындағы позициясы айқын:  халықаралық көрме басталар алдында ауқымды түсіндіру және насихаттау жұмыстары жүргізіліп, шараның мәні мен маңызын, оның заманалық һәм әлемдік деңгейдегі оқиға екендігін жеткізіп, көпшіліктің шынайы қызығушылығын тудыру қажет. Шын мәнінде, қазақстандықтар өз жерінде бұрын-соңды болмаған шараға қатысып, көрме павильондарын көріп, отандық қана емес, ЭКСПО – 2017 көрмесіне қатысу ниетін білдіріп, дайындалып жатқан елдердің мәдениет, экономика, ғылым, жаңа технологиялар – қай салалары болмасын, бүгінгі ең үздік үлгілерімен танысудың бірден-бір мүмкіндігіне ие болып отыр.