31 мамырында сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің халыққа есеп беру кездесуі өткізіледі. Министрге онлайн режімде сауалдар қою үшін бейнеконференциялық байланыс ұйымдастырылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында министр ҚР БҒМ-нің қызметі мен ведомствоның алдағы жоспарлары жөнінде әңгімелеп, жұртшылықты қызықтырған сауалдарға жауап беруді көздеп отыр. Сондай-ақ бұл күні аймақ тұрғындарына министрге онлайн режімде сауалдар қою үшін бейнеконференцбайланыс ұйымдастырылады.
Бұған қоса шара барысында кері байланыс орнату үшін министрлік қызметкерлерінен құрылған хатшылық жұмыс істейтін болады. Ынта білдіргендер БҒМ құзыретіне жататын түрлі сауалдары бойынша көмектер мен кеңестер ала алады.
Еске сала кетейік, министрдің есеп беру кездесуі қарсаңында барлық тілек білдірушілер өздерінің сауалдарын ҚР БҒМ-нің Фэйсбук, Инстаграм, Вконтакте ресми парақшалары және 8(7172) 74-24-11 «жедел желі» арқылы қоя алады (жұмыс уақыты: дс. – жм. 09.00 – 18.30).
Есеп беру кездесуінің өтетін орны: Астана қаласы, Сәтпаев көшесі, 2, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу-әкімшілік (бас ғимараты) корпусы, ҚР Тұңғыш Президенті залы.