ҚР Президенті Қытайдағы коронавирустың Қазақстанда таралуының алдын алуды тапсырды

355
көрілім

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы күндері Қытайда өршіген коронавирустың елімізде таралуының алдын алу шараларын атқаруды жүктеді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. - Үкіметке Қытайда пайда болған коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдау тапсырылды, - деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-де. Еске салайық, Қытайда пневмониялық инфекцияның жаңа түрі тарап жатыр. Сырқатқа шалдыққан және көз жұмғандар саны күн санап артып келеді. Алғашқы науқастар тіркелген күндері (15 қаңтар) есепке 41 адам алынған болатын. Соңғы мәліметтер бойынша, Қытайда жаңа коронавирусты жұқтырғандар 1326-ға жетіп, өліммен 41 оқиға аяқталды. Пневмонияның бұл түрі Таиланд, Еуропа елдері мен АҚШ-та тіркеліп отыр. Қазақстан коронавирусты зертханалық жағдайда анықтауға мүмкіндік беретін праймерлерді сатып алуды бастады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде инфекция тіркелмегенін ресми мәлім етті. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, карантинге жабылған Қытайдың Ухан қаласында бүгінде Қазақстаннан 230 студент оқиды. Олардың 98-і ғана қалада қалып отыр. Қалғандары демалыстың басталуына байланысты Қазақстанға және басқа да елдерге кетіп қалған. Еліміз өңірлеріндегі барлық әуежайларда профилактикалық шаралар және оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде.