– Балам келесі жылы мектеп бітіреді. Қазірдің өзінде әскери салаға бет бұруды көздеп отыр. Білейін дегенім, Петропавл қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының әскери институтында білім беру гранты немесе ақылы деп бөліне ме? Онда қандай жағдай жасалған? Оқу орнын аяқтаған жас офицерлер қызметке өз бетінше орналаса ма әлде институт тарапы қызметке өздері тағайындай ма?
Бахтияр Елебаев, Катонқарағай ауданы
Сіздің сауалыңызға ҚР Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелді жауап берді:
– Петропавл қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының әскери институтында оқыту толықтай мемлекет тарапынан қаржыландырады. Яғни, онда оқу тегін. Тек оқуы ғана емес, жатын орыны, тамағы, киімі түгелдей мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Сонымен қатар, онда білім алатын әр курсантқа шәкіртақы тағайындалған. Тағы бір айта кететін тұсы – курсантқа демалысқа шығарда 15 мыңнан 30 мыңға дейін өтемақы төленеді. Оқу мерзімі – 4 жыл. Интитутты аяқтаған курсанттар бірден «лейтенант» әскери шенін алып шығады.
Ұлттық ұлан әскери интитутын тәмамдаған әр жас офицер еліміздегі өңірлік қолбасшылықтарға қарасты әскери бөлімдерге өз мамандықтары бойынша қызметке жіберіледі. Яғни, ешбір түлек жұмыссыз қалмайды. Тағы бір айта кететін мәселе – бүгінгі елдің жастары мамандық деген тек қаржыгер, заңгерлік саласымен ғана шектеліп қалмайтынын түсіну керек. «Офицер боламын» деген әр жас ең әуелі елінің тыныштығы мен мемлекетінің қауіпсіздігі жолында қызмет ететін жауапты әрі маңызды мамандықты таңдағанын білуі тиіс.