КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова өзінің өмірі жайлы сыр шертті

749
көрілім

Киелі Абай елінен шыққан қазақтың бұлбұл әншісі — Бибігүл Төлегенованы білмейтін адам жоқ шығар сірә. Қарапайым қазақ қызының бағындырған биігі, өмірі мен өнер жолындағы сан қилы соқпағы қайталанбас оқиға. Балалық шағына 1930-шы жылдардың зобалаңы, 37-нің қуғын-сүргіні, одан қалды, сұрапыл соғыстың қиыншылығы дөп келген өнер жұлдызының сағы сынып көрген емес. Бибігүл Ахметқызын шырайлы Шығыстың Швейцариясы саналатын Катонқарағаймен не байланыстырады? Оның өмір жолы қандай болды? Өнер жолына қалай келді? Міне осы және басқа да сан түрлі сауалдарға жауап іздеген біз Бибігүл апамызға қоңырау шалдық

 

- Бибігүл Ахметқызы, Катонқарағайда қай жылдары тұрдыңыздар?

- Әкем Алматыдағы марксизм-ленинизм университетін тәмамдаған соң Катонқарағай ауданына екінші хатшы болып тағайындалды. Бұл шамамен 1936-жыл болатын. Әкем ол жаққа келгенше біз алдын ала пароходпен Катонқарағайға жетіп алдық. Біраз күндерден соң артымыздан әкем де келіп жетті. Жалпы, ол жерде біз шамамен екі жылдай тұрдық. Әкемнің бейнесі әлі көз алдымда. Ол үнемі салт атқа мініп жүретін. Катонқарағай шекаралық аймақ болғандықтан іссапарға жиі шығатын. 1937 жылдың қазан айы еді. Сол жолы кезекті іссапарға кеткен әкемді қайтарда арбаға отырғызып алып келгенін көрдім. Бірге келген адамдар үйімізге тінту жүргізіп, астан-кестеңін шығарды. Ешнәрсе тапқан жоқ. Үйде әкемнің өзімен бірге Алматыдан ала келген Сталиннің баяндамалары, кітаптары ғана болды. Оларды алмады. Өздерінше кәмпеске жүргізіп, үйіміздегі бар дүние-мүлкімізді тиеп алып кетті.

- Әкеңіз жайлы бір-екі ауыз сөз айта кетсеңіз...

- Әкем де жастайынан жетімдіктің қасіретін тартқан адам еді. Жеті жасында әке-шешесінен тірідей жетім қалған ол сол кезде төрт жастағы інісі Мұхаметкәрімді ертіп ағайындас туыстарына барады. Алайда қиыншылық заманда оларды асырайтын қауқары жоқ ағайындарымыз нағашыларына жіберген екен. Дұрысында әкемнің тегі Байғоныс болуы керек болған еді, алайда қамқорлығына алған нағашы ағамыз оларға өзінің Төлеген деген атын берген екен. Міне осыдан бастап біздің тегіміз Төлегенов болып кетті. Әкем Семейдегі фабрикада бастапқыда жүк тасушы, кейін өрт сөндіруші, өрт сөндіру бөлімінің бастығы болды, кейін сельполарда жұмыс істеді, өстіп жүріп білімі мен біліктілігінің арқасында райком хатшысына дейін көтерілді. Әкем ұл күтіп жүргенде дүниеге мен келген екенмін. Осыдан болар, мені қатты еркелетті. Бірінші сыныпқа қолымнан жетелеп өзі апарды. Амал нешік, мен бірінші сыныпқа барған жылы ол жазықсыз ұсталып кетті. Әкемнен жеті жасымда қалдым. Меніңше нақ осы кезде менің балалық шағым да аяқталғандай болды.

- Әкеңізді ұсталып кеткеннен кейін қайтара көрдіңіз бе?

- Жоқ. Ол сол кеткеннен мол кетті. Біреулер әкемнің Катонқарағайдан шыға беріс жолда атылғанын айтса, енді біреулер оның басқа жерде атылғанын айтып жүрді. 1958 жылы әкемнің есімі репрессиядан ақталған соң оның 1938 жылдың 11 наурызы күні Алматының Дзержинский көшесіндегі бір мекеме үйінде атылғанын білдім. Ол кезде мен консерваторияны тәмамдаған болатынмын. Бірде Катонқарағайдың тумасы, "Социалистік Еңбек ері" Бошай Кітапбаев маған "әкеңнің басына неге белгі қоймадың?" дегені бар еді. Сонда мен ол кісіге әкемнің қайда атылып, сүйегінің қайда қалғанын білмесем қалай белгі қоятынымды айтқан едім.

- Әкеңіз ұсталып кеткеннен соң...

- Катонқарағайда ұзақ уақыт тұра алмадық. Кәмпескеден соң үйде дүние-мүлік дейтіндей ештеңе қалмады. Аш-жалаңаш болдық. Жеті баламыз. Анамыз сонда 25 жаста ғана болыпты. Әупірімдеп жүріп жүк көлігін тауып, барлығымыз пароходқа дейін жеттік. Одан әрі Семейді бетке алдық. Ондағы үмітіміз Семейде тұратын әкемнің інісі Мұхаметкәрімге жету болатын. Қырсық бір айналдырса шырқ айналдырады ғой, Семейге жеткен кезде тағы бір сұмдық жағдайды естідік. Қалаға табан тіреген кезде үміт артып келген әкемнің інісі Мұхаметкәрім ағамыз өмірден өтіп кеткен екен. Біз дәл ол кісінің жаназасына келіппіз. Осылайша әкемізден де, ағамыздан да айырылып аңырап қалдық.

- Семейде болған кездеріңізді айта кетсеңіз...

- Анамды "халық жауының әйелі" деп ұзақ уақыт жұмысқа алмады. Кейін келе мал соятын жерге ішек-қарын аршушы болып жұмысқа кірді. Алайда ауыр жағдай қоя ма? Біраздан соң шешем аяқ астынан бруцеллезге шалдығып, мүгедек болып қалды. Осылайша маған 13 жасымда жұмысқа шығуға тура келді. Картоп қазу, дүкенге бару, кезекке тұру барлығына мен жүгіретін болдым. 1943 жыл болатын. Ауыр тұрмыс қоя ма, сол жылы бір сіңілім қызылшадан қайтыс болып кетті. 1946 жылы тағы бір сіңілім көз жұмды. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кез. Сол кезде қаладағы госпитальге барып, сондағыларға көмек көрсететінбіз. Жаралылардың киімдерін жуып, жамап-жасқап, үйлеріне хаттарын жазып беріп жүрдік. Оқуымды кешкі мектепке ауыстыруға тура келді. Кейін консерві зауытына жұмысқа кірдім. Ол жерде банкі жабатын, кейін олардың ақауларын тексеретін цехтарында жұмыс істедім. Осылайша ақырындап бас көтердік.

- Өнер жолына қалай келдіңіз?

- 1948 жыл да келіп жетті. Соғыс аяқталып, тұрмысы шатқаяқтап тұрса да, жұрт бейбіт өмірге біртіндеп ене бастаған еді. Мен консерві зауытында жұмыс істей жүріп, арагідік түрлі шараларға қатысып жүрдім. Ән айтып, би билеуге аңсарым ауады да тұрады. Бірде цех бастығы Игорь Лебедев театрдың бастығына барып "мына қызды бірдеңе етпесек болмайды, ән-күйге берілгені сонша, консервілерді тексермей, ақауымен қоя беретін болды" депті. Не себепті екенін білмеймін, "халық жауының" қызы бола тұра мені ВЛКСМ қатарына қабылдады. Осылайша менің өнердегі өмір жолым басталды.

- Ару қала Алматыға қалай келдіңіз?

- 1948 жылы көркемөнерпаздар байқауына қатыстым. Қабілетімді байқаған болар, сол жолы маған Алматыға жолдама берді. Кешкі мектепте оқыған 7 сыныптық қана білімім болды. Осыған қарамастан мені ерекше дара шықты деп консерваторияның дайындық курсына алды. Менің консерваторияға келуіме белгілі жазушы Галина Серебрякова көп еңбек сіңірген еді. Ол кісі Семей қаласында айдауда жүргенде қуғын-сүргін құрбаны болған адамның баласы ретінде мені бауырына тартты. Үнемі "қызым" деп жүретін. Кейінгі жылдары Мәскеуге барғанда Галина Серебрякованың үйіне бұрылмай кету мүмкін болмайтын. Үнемі дастарқанын жайып, "қызым келе жатыр" деп күтіп отыратын. 1954 жылы Алматы консерваториясын тәмамдап, театрға орналасып, содан бері халқым үшін қызмет етіп келемін.

- Бибігүл Ахметқызы, өнердің тағы бір қыры - кино саласында да бірқатар жетістіктеріңіз бар. Осы жайлы айта кетсеңіз.

- Менің толыққанды рөлім тек 1954 жылы шыққан "Дала қызы" фильмінде Қарашаштың рөлін сомдағанда ғана болды. Кейіннен көбінесе эпизодтық рөлдерді орындадым. Шәкен Айманов өте зиялы, дарынды адам еді. Ол өзінің фильмдерінде жай рөлді ойнаған актердің өзін көпке әйгілі етіп жіберетін. Мысалы "Біздің сүйікті дәрігер", "Тақиялы періште" сияқты фильмдерде мен екінші пландағы рөлге бар болғаны үш-төрт күн ғана түстім. Сондағы рөлім арқылы-ақ мен көпке танымал болдым. Тіпті "Тақиялы періштеде" мен ән де айтқан емеспін. Онда сопрано дауысты Бақыт Әшімова әнін айтып, мен образда ойнадым.

- "Тақиялы періштеде" сіз бүкіл қазақтың анасы символына айналған Әмина Өмірзақовамен таныстыңыз. Осы таныстығыңыз әрі қарай жалғасын тапты ма?

- Әрине. Біз бастапқыда бір-бірімізі сырттай ғана таныдық. "Тақиялы періште" фильмінде ол Тайлақтың анасы Тананы, мен камеолық рөлді орындадым. Міне осы кезде ол кісі "жерлес екенбіз ғой" деп мені өзіне тартты. Осыдан бастап екеуіміз апалы-сіңілідей болып кеттік. Өте жарқын жүзді адам еді. Ола кісінің жүзінен ренішті, қапалануды байқамайтынмын. Әзілге де бар Әмина апамыз бар дауысымен күліп, айналасындағыларға шуақ шашқандай болып жүретін. Күндердің күнінде инфаркт алып ауруханаға түстім. Бір күні палатаның есігін тарсылдатып біреу кіріп келе жатыр. "Бұл кім болды екен?" деп қарасам, Әмина апамыз. "Ау апа, мұныңыз не?" десем "сіңілімінің бір ауруханада жатқанын естіп, халін сұрауға келдім" дегені бар. Сол кезде өзі екі балдаққа сүйеніп әзер жүрген Әмина апамыздың өзінен он жас кіші менің халімді сұрап келуінің өзі оның ұлық болса да кішік көңілді адам екендігін ұққандай болдым.

 

 

- Бибігүл апа, Шығыс өңірі жайлы пікіріңіз қандай?

- Шығысымның дамып жатқанын естіп көңілім қуанып қалатыны рас. Өткенде өзім емделіп жатқан нейрохирургия орталығының директоры Серік Ақшолақовпен кездесіп қалып әңгімелескен едім. Ол Шығыс Қазақстанға барып нейрохирургиялық орталықтың ашылуына қатысқанын, онда заманауи медицинаның дамып келе жатқанын айтқан болатын. Даниал Ахметовтың бастамасымен қолға алынған жетістіктерді естіп төбем көкке бір елі жетпей қалды. Міне табиғаты көркем аймақтың осындай жақсылықтарға қол жеткізіп жатқаны мен үшін үлкен қуаныш.

- Туған өлкеге деген ішкі сезіміңіз?

- Әрине, менің Шығысқа деген өкпе-назым да жоқ емес, алғысым да шексіз. Сонау бір сұрқия саясат етек алған жылдары бұл жағдай бар халықтың басында бірдей берілген қасірет еді. Қазақ айтады ғой "жас кезде бер бейнет, қартайғанда көр зейнет" деп. Жалпы, отбасымызда еті тірі мен болдым. Өзімнің Алла дарытқан қасиетімнің, талабымның арқасында осындай жетістіктерге жеттім. Ел арасында сый-құрметке ие болдым. Осыған ризамын. Тағдырыма еш өкінбеймін. Бұйыртса, биылғы жылдың 16 желтоқсанында 90 жасқа толамын. Ел алдына шығып тұтас бір концер бермесем де үш-төрт ән айтуға әлі шамам жетеді. Күш-қуатым жетсе алдағы бірнеше ай сол шығармашылық кешке дайындалатын боламын.

 

- Әнші апа, сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбатты жүргізген Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фотосурет: astanaopera.kz

 

 

Біздің анықтама

Бибігүл Төлгенова — 1929 жылдың 16 желтоқсанында Семей қаласында дүниеге келген. Лирикалық-колоратуралық сопрано дауысты қазақ әншісі, актриса, педагог. 1967 жылы КСРО Халық әртісі атағын алған. 1991 жылы Социалистік Еңбек ері 1954 жылы Қазақ консерваториясын тәмамдаған. 1965-1971 жылдары қазақ филармониясының әнші-солисі болды. 1971 жылдан Қазақ опера және балет театрында еңбек етеді. Оның өнері одақ, республика көлемінде ғана емес, бүкіл дүниежүзіне танылды. Гастрольдік сапармен Үндістан, Алжир, Египет, Сирия, Вьетнам, Польша, Чехословакия, Канада, Швеция, Франция, Италияда болып, өнерін паш етті.

 

Қоса кетсек

Өнердің ең жоғарғы шыңы саналатын КСРО Халық әртісі атағын бұрынғы Кеңес Одағы көлемінде 1006 адам алса, соның 24-і қазақстандық. Бүгінде сол 24 адамның ішінде көзі тірісі - Бибігүл Төлегенова (89 жаста), Асанәлі Әшімов (82 жаста) және Әлібек Дінішев (67 жаста) қана.