Күршім ауданында қисайып қалған электр бағаны тұрғындарға қауіп төндірген
Күршім ауданы, Мульковое ауылының тұрғыны жер үйінің қасындағы жоғары вольтті электр бағанының қисайып, құлауға шақ тұрғанын хабарлады. Бір жылға жуық ол құзырлы органдардан осы мәселені ретке келтіруін талап еткенімен, ешқандай нәтиже болмай келеді екен.
Мульковое ауылының тұрғыны Данагүл Бейімбетованың (аты-жөні өзгертілген) айтуынша, Новая көшесіндегі жеке тұрғын үйінің іргесіндегі жоғары вольтті электр бағаны қисайып, құлайын деп тұр.
– Егер қатты жел соғып электр бағаны дәл үйіміздің үстіне құласа қайтеміз?! Балаларымның денсаулығы үшін алаңдаймын. Осы жағдайды айтып, «Шығыс энерготрейд» аудандық электр желілері торабы мекемесіне, аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, ауылдық округ әкімдігіне барып көрдік. Алайда бір жылға жуық уақыт болды, ешқандай нәтиже жоқ, – дейді Данагүл Бейімбетова.
Мәселенің анық-қанығын білу үшін Күршім ауданының әкімдігіне сұраухат жолдап көрдік. Редакциямызға ресми жауап берген аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаевтың хабарлауынша, қазіргі таңда электр бағаны түзетіліп қойған.
– Бүгінде Мульковое ауылында 130 адам тұрып жатыр. Новая көшесіндегі құлағалы тұрған электр бағаны ағымдағы жылдың қазан айының басында қалпына келтірілді. Электр бағанын түзеуге қаржы шығындалған жоқ. Ол аудандық әулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сот шешімімен берілгендіктен, бөлімге қарасты «Күршім» МКҚК-нің техникаларын жұмылдыру арқылы жөндеу жұмыстары атқарылды, – дейді Қайрат Әзімбаев.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ