Кеміргіштер Пермитин көшесіндегі Ертіс өзенінің бойын мекендеуде. Құндыздар ағаштарды бірінен соң бірін құлатып жатыр. Алайда экологтардың айтуынша, оларға қарсы шара қолданудың қажеті жоқ.
Құндыздардың ағаштарды кеміріп жатқандығын көрген өскемендіктер Экологиялық қауіпсіздік орталығына шағым түсірген.
– Бұл өте сирек кездесетін жағдай, – дейді ЭҚО маманы Анатолий Филиппов, – Құндыздар шулы жерлерді ұнатпайтын жануарлар. Орманшылар Өскемен қаласының ормандарында құндыздардың көбейгенін хабарлаған болатын. Ал енді олар дәл қаланың ортасында мекендеп жүр дегенді бірінші рет естіп отырмыз.
Оның айтуынша, құндыздардың көбеюі экологиялық жағдайға байланысты. Алайда оларды қайтадан орманға жеткізудің қажеті жоқ. Себебі мамандар жақын арада азықтары таусылған кеміргіштер бұрынғы жерлеріне қайтадан кетеді деп болжауда.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ