Құрбан айт онлайн режімде

712
көрілім

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы шектеу шараларына қарай қасиетті Құрбан айт мейрамын атап өту тәртібін бекітті. ШҚО бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес тұрғындар топтасуын болдырмас үшін діни нысандардың жұмысы мен діни іс-шараларды өткізуге тыйым салынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Яғни, Айт намазы мешіттерде оқылмайды. Осы ретте Облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай барлық тұрғындардан күрделі жағдайға қарай болып жатқан өзгерістерге түсіністікпен қарауды сұрайды. Карантин режімі кезінде адамдар көп шоғырланатын құрбандық шалу рәсімі де болмайды. Дегенмен ҚМДБ Құрбан айтты атап өтудің басқа әдісін ұсынды.

Жуырда Қасиетті мейрам қарсаңында ҚМДБ онлайн-режімде қосылуға болатын Qurban-2020 қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Осыған дейін құрбан шалуға өтінім қабылдайтын Qurban2020.kz сайты іске қосылған болатын. Одан бөлек, көмекке мұқтаж және аз қамтылған жандар мен отбасылар да ет алу үшін өтінім бере алады.

Мұны орындаудың еш қиындығы жоқ. Алдымен сайтқа кіріп, өтінім беру үшін өзіңіз жайлы ақпарат қалдырып, құрбан шалатын мал таңдап, құрбандықтың кімнің атынан шалынатындығын көрсету қажет. Осы кезде сіз төлеу керек сома автоматты түрде шығып тұрады. Аталған сайт тамыз айының 2-сі күні де жұмыс істейді.

Айта кетейік, өтінім берушілер карантин тәртібіне байланысты осыған дейін мүмкін болған еттің 1/3 бөлігін ала алмайды. Онлайн тәртібінде еттің үш бөлігі мұқтаж жандарға таратылады. Ол жұмысты еріктілер орындайды.

Бас имам барлық тұрғындарды сабырлы болуға және қасиетті мерекені санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып атап өтуге шақыруда.