Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталатын Құрбай айт та жақындап келеді. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбандық шалу барысында орындалуы тиіс талаптарды атады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бұл күні Меккеге барған қажылар Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талап-шарттарын атқарса, қажылық жасауға шамасы келмеген мұсылмандар мешіттерде айт намазын оқып, айтулы мерекенің ең маңызды рәсімі – құрбандық шалады», - делінген басқарманың сайтында жарияланған ақпаратта.
Құрбандық шалатын адамға қойылатын талаптар:
- ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман болуы; - тұрғылықты мекенде болғаны, яғни, сапарда болмағаны абзал; - нисап мөлшерінда артық дәулеті бар адам болуы. «Бірақ, бұл жағдайы төмен адам құрбан шалмасын деген сөз емес. Ондай құрбандық нәпіл құрбан үкіміне жатады», - делінген басқарманың мәліметінде.
Құрбанға қандай мал шалынуы тиіс?
- бес жасар түйені 7 адам бірігіп немесе бір адам шала алады. - екі жасар сиыр малын 7 адам бірігіп немесе 1 адам шалуына болады. - бір жасар қойды 1 адам шалады. «Құрбан малын ниетті адамның өзі шалса, сауабы әлдеқайда көп деп саналады. Алайда, басқа адамға өкілдік беруге де болады. Ол үшін телефон арқылы немесе хат-хабар арқылы шараны біреуге нақты уақытын айтып тапсыру қажет. Өкілдікті қабылдаған адам құрбандық шартын ниетті адамның айтуы бойынша атқарады», - дейді дін өкілдері.
Құрбан шалу тәртібі қандай?
- пышақ малдың көзінің алдында қайралмауы керек; - малды сол жамбасына жығып, кеудесімен құбылаға қарату қажет; - құрбан шалуға ниет ету (өз атынан немесе өзгенің атынан); - бауыздар алдында «Бисмиллә, Аллаһу әкбар!» деп айту; - малдың өңешін, кеңірдекті және мойынның екі жағындағы тамырды бір мезетте кесу; - малдың қаны толық ағып, жаны шыққанша күту қажет.
Құрбандыққа қандай мал шалынбайды?
- малдың бір немесе екі көзі бірдей соқыр болса; - құрбан шалу орнына өз бетімен жете алмайтындай ақсақ болса; - тістерінің көбі жоқ болса; - мүйіздері сынған немесе бір сыңары түбіне дейін жоқ болса; - бір немесе екі мүйізі түбіне дейін кесілген болса; - құйрығының жартысы немесе одан көп бөлігі жоқ болса; - мал тым әлсіреген күйде болса; - туғаннан құлағы немесе құйырығы болмаса; - лас қалдықпен тамақтанып жүрген мал жарамсыз.
Қандай кемшілігі бар мал құрбандыққа жарамды?
- көруі нашар; - бір аяғы ақсақ болса да, жүре алатын болса; - мүйізінің бөлшегі сынық болса немесе туғаннан тоқал болса; - санаулы тісі жоқ болса; - құйрығының немесе құлағының кішкене бөлігі жоқ болса; - құлағы тесілген болса; - қышыма; - пішілген болса құрбандыққа шалуға болады.
Құрбанға шалынған малдың етін қалай үлестіру қажет?
- еттің 3/1 бөлігін өзінің отбасына, бала-шағасына; - 3/1 бөлігі туған-туыстары мен көршілеріне; - 3/1 бөлігін кедей және мұқтаж жандарға үлестіру абзал. Дін мамандары құрбанға шалынған малдың терісі қасапшыға қызмет ақысы ретінде берілмейтінін ескертеді. Оны сатып, ақшасын садақа ету қажет.
Құрбан шалудың тыйымдары қандай?
- шалынған малдың терісі мен қалған еті, басы мен басқа да бөлшектері сатылмауы тиіс; - малдың көзінше пышақ қайрауға болмайды; - соятын малға қатыгездік танытуға болмайды; - өтпейтін пышақпен бауыздауға тыйым салынады. Еске салайық, биыл Құрбан айт мерекесі 11 тамыз – жексенбі күні басталады. Бұған дейін елорда әкімдігі құрбандық шалуға болатын орындарды белгілегенін жазған болатынбыз.