Абай облысындағы Курчатов қаласында жылу тақырыбы жұрт ауызында жиі айтылып келеді. «Күн әлі суыта қоймаса да, үйлеріміз аңырап кетті» деген тұрғындар тоқ пеш қосып қоюды әдетке айналдырған. Ал қала басшылығы қазандық ескірген дегенді алға тартты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жылы болса да, жылу шашпайды
Ресми мәліметке сүйенсек, Курчатовта он екі мыңнан астам халық тұрады. Бұған дейін 40 жыл көлемінде ядролық сынақтар өткізілген аймақтың тіршілігі қазір мүлде басқаша. Ғұмыр ағысы бір бағытпен жылжыса да, іші суыған үйлердің көбеюі шағымдар легін молайтып жіберген. Қала басшылығының мәліметінше, Курчатовты жылумен қамту үшін төрт қазандық жұмыс істеп тұр. Дегенмен соның 40 пайызының тозығы жеткен, ал жылу желілерінің 40 пайызға жуығы ескіріпті.
– Үйде көбінде жылытқыш құрылғы қосып қоямыз. Себебі, суық, бөлмелердегі батареялар жылы болса да, жылу шашпайды. Сырқат адам бар, сол кісі тоңады. Бұған дейін тоққа айына бес мың теңге төлеуші едік, қазір 15 мың теңгеге шығады. Қып-қызыл шығынға баттық. 10 мың теңге айырмашылық кәдімгідей сезіледі. Бірақ жылу қуаттылығын арттырып, үйімізде бірқалыпты температура болса, бұған да көз жұматын едік, – дейді қала тұрғыны Гүлбақыт Қамытбаева.
Тұрғындар сөзінше, әр ықшамауданға жылу бірдей берілмейді. Осы ретте Александр есімді азамат көбі шаһарда пәтер жалдап тұратындықтан, жылу жағын тезірек реттеудің маңызы зор екенін айтты. Бірінікі көп-көрім жылы, бірінікі суық. Десе де, үй иелері мұның жалғыз шешімі – жаңа жылу қазандығының салынуы дейді.
– Байқауымша, қалада жылу мәселесі өте өзекті. Бір есептен, шаһар үлкейіп келеді. Қалада тұратын таныстарымыз үйлерінің суықтығын жиі айтады. Осыны ескерсек, жаңа қазандық салатын уақыт келді ғой деймін. Біреудің үйі жылы, бірінікі аңырап тұр. Бұлай болмайды ғой? Күн суыта қоймаса да, тоңып отырғандар бар, – деді қала тұрғыны Айжан Ілесқызы.
Елена Гольцева да үйлердің іші аяз атқа қонса-ақ азынап кететіндігін айтты. Жаңашылдық аз, тіпті мүмкіндігі шектеулі жаңдар үшін еш жағдай жасалмаған деп, тағы бір мәселенің басын шалды. Тұрғындар осыны әкімдікке айтқан екен, олар көмірдің сапасыздығын алға тартқан секілді.
Жаңа қазандық керек
Мұның алдында көпсалалы экплуатациялық кәсіпорынның техникалық директоры болған, қазір Курчатовтағы коммуналдық кәсіпорын басшысы Айдын Нұрланов осыған дейін ұсынған ақпаратында 2000 жылдан бастап қалада ыстық су жоқ деген еді. Ал жаңа қазандықтың құрылысы басталса, әскери бөлім ретінде Ұлттық ядролық орталық іске қосылатынын мәлімдеген. Дегенмен мұның барлығы әзірге орындалатын емес. Жұмысшылар көмірді қазандыққа техникамен емес, қолмен салатындығы да мұның тетігі әлі табыла қоймағандығын аңғартады.
– Қала көлемінде күніне 140 тонна көмір жағамыз. Барлығын қолмен лақтырады. Жұмыс өте ауыр. Қолмен емес, автоматты түрде көмір беретін жылу нысаны керек, – деді Айдын Нұрланов.
Қалада 78 көпқабатты үй мен 44 әкімшілік ғимаратқа қызмет көрсететін 4 қазандық бар. Негізі, төртеуі сағатына 34 гигакалория жылу беруге тиіс. Ал Курчатовта бұл 23 гигакалорияны көрсетеді, яғни 65%-ға ғана жеткен.
– Жаңадан балабақша салынуда. Демек, қайтадан жылу төмендейді. Жөндеуді қажет ететін тағы үш-төрт көпқабатты үй бар. Осындай мәселелер түйіні әлі тарқамай жатыр, – деді Курчатов қаласының әкімі Олег Чугунков.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жылу орталығын салуға 10 миллиард теңге қажет. Орталықты тұрғызу моноқалаларды дамыту жоспарына да енгізілген.
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосуретті ұсынған Наргиз Омарханова)