Курчатов қаласында Ұлттық ұлан сарбазы суицид жасамақ болған әйел адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімнің әскери қызметкері, аға сержант Думан Боғасбаев 5 мамыр күні сағат 19:30 шамасы өз үйінің балконында тұрған сәтте қарама-қарсы қираған ескі тұрғын үйдің 4 қабатынан төменге секіруге оқталған әйелді байқап қалады. Бірден полицияға хабар берген ол дереу сол үйге қарай жүгіре жөнелген. Ғимараттың артқы жағынан айналып кіріп, 4 қабатқа көтерілген аға сержант аяғының ұшымен жақындап келіп, төменге секіруге дайындалған әйелді ішке тартып кіргізіп алады. Оны қауіпсіз жерге шығарып алғаннан кейін, оқиға орнына полиция қызметкерлері келген.
– Шынымды айтсам, бұл жағдайда әйелмен сөйлесуге, қателік жасамауға шақыруға уақыт болған жоқ. Өз өміріне балта шаппай тұрғанда, шапшаң қимылдауға тура келді, - дейді Думан Боғасбаев.
Қазіргі таңда құзырлы органдар әйелді суицидке не итермелегенін анықтауда.