Аудан әкімінің орынбасары Рәзия Үмітбаева қатты отынның қазіргі бағасы, оның тұрғындарға жеткізілуі жөнінде толығырақ тоқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, ауданға 27 мың тонна көмір қажет. Оны навигациялық кезең аяқталмай тұрып жеткізу жоспарланған.
– Бұл ретте «Иртыштранс» ЖШС-мен байланыстамыз. Марқакөл жақта да шешімін тапты. Айталық, «Резолит 2005» ЖШС Зайсан қаласындағы карьерден келісімшарт негізінде қатты отын тасымалдайды. Оған халық та қарсылық білдірмеді. Аталған серіктестік жеткізетін көмірдің бір тоннасы 22-23 мың теңге мөлшерінде, – деді Рәзия Дүйсенханқызы.
«Иртыштранс» ЖШС алдымен Құйған ауылындағы кемежайға әкеледі. Рәзия Үмітбаеваның айтуынша, ол жерде бір тоннасы 21 мың теңгеден. Бірақ әрі қарай жеткізілуі кезінде баға қосылып, 23-24 мың теңгеге дейін көтеріледі.
– Бізде аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетіледі немесе кәсіпкерлер көмірді тегін түсіріп береді. Жалпы, ауданда осындай бірнеше мекеме бар. Тиісті отбасылардың тізімін әзірлейміз, олар жыл сайын көмек беріп тұрады, – деді аудан әкімінің орынбасары.