Күршім аудандық ауруханасының хирург дәрігері Бекмұрат Жұматовтың сөзінше, қазір науқастар тиісті ем-домын алып, оқшаулау палатасында жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сол қолының саусағын сындырып, білек тұсындағы қалың етті жұлып алған түз тағысы алдымен анасына, кейін 15 жастағы баласына шапқан. Өң мен түстің арасында болған оқиғадан абдырап, қатты шошынған Әсем Бексолтанованың сөзінше, бұған дейін түн ортасында ауыл ішінде қанша рет жаяу-жалпылы жүрсе де тағымен бепте-бет кездесті кәперіне де келмеген. Айтуынша, ит құс бұдан бұрын да ауыл іргесіне дейін келіп, тұрғындардың малына шапқан. Жолдасы уақтылы келіп жетпегенде қаңтар айының 30-ндағы оқиғаның соңы қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Айқай-шу шыққан дауысқа қарай тұра ұмтылған отағасы алдынан шыққан қасқырды айырмен шаншып өлтірген.
Әсем Бексолтанова ұлымен
– Аулаға қасқыр түскендігін көршіміз хабарласып айтты. Малды қыста қораға қамаймыз, кейде сыртқы қоршауда жата беретін. Соны сезіп жеткен болуы керек. Содан не болып жатқанын көрейік деп жолдасымды оятып, екеуіміз сыртқа шықтық. Қора жақта шам жағып, әлдекімдер жүр екен. Жақындап едік, көршілеріміз. Негізі маған «шық» деген ешкім жоқ, бірақ істің реті солай болған сияқты. Бірнеше адам жиналып қансырап қалған тайыншаны қораға қамағанымыз сол еді, ұлым да жүгіріп жетті. Содан біз залдың терезесі тұсынан өте бергенімізде бірнеше қадам жерде ит жатқандай болды. Қолымызда жөні түзу таяқ та жоқ, қолыма шамды (фонарик) ұстап жүре бердік. Сөйткенше болмады, азуы ырсиған қасқыр атылып кеп секіргенде сол қолымды көтеріп үлгердім, – деді ажалдан аман қалған Маралды ауылының тұрғыны.
Анасына көмекке ұмтылған ұлы да қасқырды өзінше соққылап қумаққа әрекеттеніпті. Осы кезде жыртқыш хайуан жасөсіпірімнің өзіне шауып, санын қапқан.
Бекмұрат Жұматов
Дәрігерлер сөзінше, қазір анасы мен баласының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Олар тек облыс орталығындағы ветеринарлық зертханаға жіберілген қасқырдан құтырық ауруы шықпаса екен деп отыр.
Әділхан ЕСІМХАНОВ