Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғындары газ бағасының қымбаттағанына наразы

6329
көрілім
Шартты фотосурет

Жанар-жағармайдың барлық жерде бірдей бағамен сатылып жатқандығын айтып, неге күрт қымбаттады дейді. Кейбір елдімекен тұрғындарының географиялық тұрғыда шалғайда орналасуы мен жол жағдайының нашар болуы түрлі келеңсіздікке жол ашады. Содан барып жергілікті басшылыққа сауалдар легі қардай борап жатады. Маралды ауылында осыған дейін газ бағасы көпке қолжетімді бағамен сатылып жатқан. Дегенмен қазір жағдай басқаша, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

400 теңге тым қымбат

Күршімнің өзінде газ баллоны 2000 теңгеден сатылады. Маралдыға жеткенше 2400 теңгеге қымбаттайды. Қалтаға салмақ салатыны рас. Осының байыбына баруға асыққан ауыл тұрғындары 400 теңгенің қосылуын қарапайым еңбек адамдарына «асыра сілтеу» дейді. Аталған ауыл мен аудан орталығының аралығы шамамен 90 шақырым. Жол жағдайынан аудан басшылығы хабардар. Күршімнен Маралдыға қарағанда салыстырмалы түрде алыс орналасқан ауылдар да бар. Ол жақтан әзірге қоңырау түспеді. Қазіргі мәселе – газ бағасы неліктен аяқ асты 400 теңгеге қымбаттады?

– Көгілдір отынды Күршімдегі газ тарататын жерден ауылымыздағы үйлердің біріне әкеліп түсіреді. Сонда неге 400 теңге қосып отырғанына халық наразы. Сол үшін жалақы төлейді ғой оларға, – делінген тұрғындар жіберген жазбада.

Бұл жерде еңбекақы ескерілгенін айта кетейік. Айталық, аудан орталығынан 2100 теңгеге сатып алса, үстіне қосылған 15%-ы біршама қымбаттатып жіберген. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқовтың сөзінше, ауылға газ баллонын жергілікті тұрғын Қ.Қ.Анапиев әкеліп саудалайды.

– Күршім ауылы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ақпаратына сәйкес аудан көлемінде газ сататын бір мекеме тіркелген. Күршім ауылында жұмыс істейді. Аудан орталығында газ бағасы 2000 теңгеден, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Шешімі бар ма?

Сұраухат жауабына сүйенсек, дәл осы баға тұтас ауданды қамтыған. Алайда қымбатшылық тек Маралды ауылына жеткендей. Ауылдық округ әкімі Досым Жұмағалиевтің сөзінше, осы баға өзгеріссіз қалады. Себебі, бекітілген 15% сол 300 теңге. Газ баллонын жеткізушіге жол шығынын өтеу қажеттілігі туындайтындықтан бағаны төмендету шығын әкеледі. Алғашында осындай жайт Көкпекті ауданының бірнеше ауылында байқалған еді. Дегенмен жағдай реттеліп, 2000, кейбір елдімекендерде 1900 теңгеге дейін түскен. Ауылдық округ әкімі осыған қатысты ауылдастар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу жоспарда барын жеткізді. Аудан басшылығы да бағаны көтертпеу жағына мән беретіндерін алға тартты. Түрлі мысалдарды ұсынсақ та, әкімдік жауабы негізінде ресми мәліметті жаза кеткен жөн болар. Жергілікті басшылық Күршімнен басқа ауылдарға газ жеткізу кезінде баға көліктік-үстеме шығындарға байланысты қымбаттайтынын жеткізді. Одан бөлек, газға деген жоғары сұраныс сияқты қосымша құрылымдық факторлар әсер етеді.

Қымбаттаудың басты себебі анықталғандай. Еңбекақының қосылуынан ел-жұрт елең етіп, баға қашан қалпына келеді деп отыр. Яғни, 2100 тенге болған күні мәселе күрмеуі шешіліп қалатындай. Жалпы, бұл жағы реттеле ме екен?

– Осы жылдың сәуір айынан бастап Маралды ауылы бойынша газ баллоны 2400 теңгеден саудалануда. Ауылдық округ әкімдерімен болған жиындарда бағаларды көтермеу бойынша аудан әкімі тарапынан арнайы жұмыс тобына тапсырма беріліп отырады, – деді Ерлан Телманұлы.

Демек сәуірде бекітілген бағаның мұрты әлі бұзыла қоймайтындай.

Әділхан ЕСІМХАНОВ