Бұл туралы облыс орталығындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Боран ауылынан бөлек, басқа да ауылдардың аты аталды. Десе де елдімекендегі ушыққан қазіргі жағдайды ескерсек, тиісті мамандар борандықтар бірте-бірте көшуді тыяды деп топшыласа керек.
- Алдағы жылдарға бірнеше елдімекен мен аудан орталықтарында қолға алынатын спорттық нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледік. Күршімдегі Боран ауылында спорт модулі, Тарбағатай ауданындағы Тұғыл, Ақжар ауылдарында дене шынықтыру және сауықтыру кешені, Зайсан ауданындағы Дайыр мен Айнабұлақ ауылдарында спорт модульдері салынбақ, - деді ШҚО Денешынықтыру және спорт басқармасы дене шынықтыру бөлімінің басшысы Фархад Құсайынов.
Маса, шіркей мазаны алып, жаздыгүні тұрғындар үйден шығуға жүрексінгенде мұндай жұмыстың қолға алынатыны аз да көңілге медеу бергендей. Бастысы, шекаралық аумақтағы елдімекендер бос қалмаса игі. Себебі, ауыл тұрғындары соңғы екі-үш жылдың өзінде бірнеше отбасының көшкенін айтқан болатын.