ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне Күршім ауданында жер учаскелерін беру кезіндегі заңсыздық туралы ақпарат түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жергілікті кәсіпкер аудандық жер қатынастары бөліміндегілер жер учаскелерін беру бойынша конкурс өткізу туралы хабарландыруларды аудандық газетте жариялауға мүмкіндік бермеді дегенді алға тартқан.
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларының» 7-тармағының 3-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар тиісті әкімшілік аумақта таратылатын мерзімді газеттерде конкурс өткізу туралы хабарлама жариялауы қажет.
- Мәселен, жергілікті газетте конкурс өткізу туралы хабарландыруды жарияламау салдарынан, құзыретті органдар мүдделі тұлғаларға артықшылық беру түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелі болуы мүмкін, - делінген мәліметте.
Кәсіпкердің өтінішін қарау нәтижесінде, Департамент аудан әкіміне кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін бұзуға жол бермеу туралы хат жолдады. Онда бұдан әрі аудандық газетте жер учаскелерін беру туралы хабарландыруды міндетті түрде жариялауды қамтамасыз ету туралы жазылған.