Күршім ауданында ұсақ мал, ірі қара мен жылқы етін өңдейтін зауыт салынып жатыр. Жабдықтарының құны 40 миллион теңгені құрайтын жаңа кәсіпорын жылына 10 тонна шұжық пен 17 мың дана консервілік өнім шығаруға қауқарлы, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО ақпараттық орталығына сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында іске қосылатын өндіріс орнына қазір де заманға сай жабдықтар орнатылуда. Бұл жайлы Аймақтық комуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаев мәлімдеді.
– Қалғұтты ауылдық округіне қарасты Қаратоғай ауылында жүзеге асырылатын ірі жоба бар. Ол жақтағы шаруа қожалық иесі арнайы құрылғы сатып алып, ет өңдейтін зауыт ашуды көздеп отыр. Зауыт толықтай іске қосылғаннан кейін жылына 8 миллион теңге көлемінде 10 тонна шұжық және 5,5 млн теңгеге 17 мың дана консервілік өнім шығарады, – дейді Сейсенғазы Чукаев.
Өткен жылдың өзінде Күршім ауданында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 26356,4 млн. теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 8,8 пайызға өскен. Қазіргі таңда ауданда 18 асыл тұқымды шаруашылық тіркелген. Оның 11-і ара шаруашылығы, 3-і ірі қара, 3-і жылқы шаруашылығы және 1-і мүйізді ұсақ мал шаруашылығымен айналысып келеді.