Күршім ауданы, Марқакөл ауылында ішімдік ішіп отырған екі азаматтың арасында кикілжің туындаған. Даудың соңы құр сөзбен шешілмей, төбелеске ұласып, кеудесін ашу кернеген 63 жастағы ер адам досын тепкінің астына алады. Жәбірленуші алған соққыларынан Марқакөл ауылдық ауруханасының хирургия бөлімшесінде қайтыс болды. Бұл жайлы аудандық №2 сотта қаралған іс материалдарында айтылған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
2017 жылдың көктемінде Қадылбек (адам аттары толықтай өзгертілген) өзімен бірге тұратын Серікболмен бірге тентек судан ұрттап демалмақ болады. Ішімдік ішіп, әңгіме-дүкен құрған еркектердің отырысы түнге дейін жалғасқан. Кенет екеуінің арасында түсініспеушілік туындап, жанжалға ұласады. Сол кезде ащы су әл берген Қадылбек Серікболға соққы жұмсап, тепкілей жөнеледі. Ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған жәбірленуші Марқакөл ауылдық ауруханасының хирургия бөлімшесіне жеткізілген. Сот медициналық сараптамасында анықталғандай, алған соққыларынан Серікболға жабық бас сүйек-ми жарақаты, төбе-маңдай тұсындағы мидың торлы қабығы астына қан құйылу, ми қатпарларының мыжылуы сынды жарақаттар келтірілген. Өкінішке қарай, жәбірленуші 9 күн өткен соң ауруханада көз жұмды.
Күршім аудандық №2 соты айыпталушыға сот-психиатриялық сараптама тағайындады. Соның нәтижесіне сәйкес, Қадылбектің «Посттравматикалық энцефалопатия салдарынан ақыл кемістігі» ауруымен ауыратындығы белгілі болды.
– Сотталушы қылмыстық іс әрекетті жасау кезінде психикалық аурумен ауырып, соның салдарынан сол мезетте өзінің іс әрекеттеріне жауап бере алатындай жағдайда болмаған, – делінген сот сот-психиатриялық сараптаманың N274 қорытындысында.
Сонымен қатар, сот барысында сұралған Қадылбектің інісі ағасының жас кезінде басынан жарақат алғанын, осы уақытқа дейін Шүлбі кентінде орналасқан психиатриялық емханада емделіп жүргендігін жеткізді. Сот үкімі бойынша, айыпталушы ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігімен көзделген қылмысты есі дұрыс емес күйде жасағандықтан жауаптылықтан босатылды.