Күршім ауданында Көкжал Барақ батырдың 320 жылдық мерейтойы атап өтілді

179
көрілім

Таңсәріден келіп шырт ұйқыда жатқан жаудың сілікпесін шығарып, үрей әкелген айбынды қазақ әскері маневрлік соғыс тәсілін сәтті пайдаланатын. Әр тұстан анталаған жау араны қашан да ашық еді. Алайда Абылайдың ақ туының астына жиналған Алаштың апайтөс батырлары әркез қорған бола білді. Хас батырлардың бірі һәм бірегейі – Көкжарлы Көкжал Барақ батыр. Күні кеше туған жерінде, яғни Күршімнің төсінде баһадүрдің 320 жылдық мерейтойы атап өтіліп, еліміздің әр түкпірінен келген ұрпақтары мен аудан тұрғындары арқа-жарқа болып, бас қосты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Отыз жыл бұрынғы бас қосу

Рауан таң салқын. Жөңкіле көшкен бірнеше будақ бұлт қана көзге ілігеді, күз аспаны біршама аласарып қалғандай. Үп еткен жел алда ұйтқи соғатындығынан хабар беріп тұрғандай. Барақ батырдың еңселі ескерткіші біртіндеп жерлестерін маңайына жинай бастаған. Әкімдік бекіткен жоспарға сәйкес жұрт сағат 11:00-де осы жерде «хан батырға» тағзым етіп, шараның маңызына тоқталады. Аздан соң дауыл тұрып, «Батырдың ұрпақтары сөз сөйлейді» дегенде екпінін тіпті үдетті. Мұның алдында Көкжал Барақтың тікелей ұрпағы Мирас Өтей «Даңқты қолбасшының құрметіне Күршім көлемінде тұңғыш рет тас мүсіні Теректібұлақ ауылында ашылған» деп еді. Ол кезде қазақ-жоңғар шайқасынан сыр шертетін «Дарабоз» тарихи романының авторы, танымал жазушы Қабдеш Жұмаділов, «Алтайдың кербұғысы» Оралхан Бөкей, Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов, күршімдік қаламгер Талаптан Ахметжан келіп, мерейтойдың құрметті қонағы болған. Содан бері аттай 30 жыл өтіпті.

– Егемендік алмай тұрып та елеусіз қалмады. Ал Тәуелсіздік алған жылдары, нақты айтсақ, 1992 жылдың 10-шы қазанында ауқымды конференция өткізіліп, тарихшылар мен Барақтанушылар баяндама жасады. Әрі қарай 300, сосын 310, кейін 315 жылдығын атап өттік. Осы кезде баһадүрдің алып ескерткіші ашылып, қоғам белсенділері мен ақын-жазушылар басы-қасында жүрді. Мұның әрбірі тарихқа шегіну, – деді Барақтанушы Мирас Өтей.

Батырдың ескерткіші маңына күршімдіктерден бөлек, жеті Көкжарлы ұрпақтары, Алтайдың әр түкпірінен келген азаматтар жиналды. Мирас Өтейдің сөзінше, бұған жәрке, өтей, өтеміс, андағұл, қаршыға, қаратай елдері кіреді.

Тарихтан төгілген деректер

Әрбірінің қолында гүл шоқтары бар, кейбірі құшақ-құшақ қылып ұстап алған. Шымылдықашар сөз аудан әкімі Алмат Ақышевқа беріліп, жауапты тұлға бабалар рухына тағзым етудің маңызын сөз етті. Батырдың ерлігіне тоқталып, қолбасшылығын қырын айшықтады. Жалпы, Көкжал Барақтың жауынгерлік жолын қайталай берудің қажеті жоқ болар. Одан да көпшілік алдында сөз алған ақсақалдар мен азаматтардың түрлі мұрағат деректері мен оқыған мәліметтеріне қысқаша тоқталайық. Аудан басшысынан соң «Күршім», «Тарбағатай» аудандары мен Өскеменнің құрметті азаматты Сайлаухан Аухадиев батырдың ұрпағы ретінде ойын ортаға салды.

– Қабанбайдай қолбасшы мен Барақ бабамыз жеңістің жетегімен Шығыс өңірін ең соңында келіп азат етті. Батырларымыз баршылық. Әйтсе де мен Көкжал Барақтың бірқатар ерекшеліктеріне тоқталғым келеді. Қалмақпен сұрапыл соғыс кезінде таудың үлкен тасын көтеріп алып, жау қолына тосқауыл қойып, кейін әскердің жеңіске жеткен. Ол тас қазір Ұлан ауданында, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі. – Бабамыздың тағы бір ерекшелігі, оның киесінің болғандығы. Қалмақтың батыры Алтайдағы үңгірлердің біріне бекініп алып, жекелей барған жанды шетінен атып түсіріп отырса керек. Сонда Барақ батыр шығып, жанына жалғыз өзі жетіп барған. Тығылған жау көкжалымызды әлдебір себептермен ата алмаған екен. Сонда қолбасшылары одан «Оу, алдыңда тұрған адамды ата алмағаның не?» деп сұрағанда, әлгі «»Маған Барақ батыр 40 адам болып көрінді» депті. Бұл нені білдіреді? Даңқты бабамыздың киесі ғой!

Көкжарлы ұрпақтарының арысы Шымкенттен, Ұлытау өңірлерінен келген. «Көкжарлылар ол жақта не істеп жүр?» деген сауал туындауы мүмкін. Қалмақ әскерімен болған ұрыс, оның ішінде Бұланты өзені бойындағы шайқасты алсақ, Орта жүздің кей рулары сол жақта тұрақтап қалған. Ұлытау аймағынан ат шалдырған Толқынбек Нұрмағамбетов биыл Күршімге алғаш рет келіп отырғанын жеткізді. Арада жетпіс жыл өткенде атізін салған қария ата-бабасының қай жерде туып, өмір сүргенін білу үшін 2000 шақырым жерді артқа тастап келген. Кіндік кескен жеріне келіп, ағайынмен қауышқандары үшін қуаныштан көздерінен жас ыршыды. Көпшілік осы сәтке куә болып, бабалар рухына тағзым етіп тұрғанда ақсақалдардың бірі Шығыс Қазақстан облысын Көкжал Барақ деп ауыстыруды ұсынды. Ұсынып қойған жоқ, мұны аудан әкіміне аманат етіп тапсырды. Тағы бір ұсыныс бір сағаттан кейін айтылды. Осы тақылеттес, бірақ өзгеше. Әйткенмен бұл туралы сәл кейінірек… Алғысөз айтылып болған соң Сайлаухан Аухадиев пен Алмат Ақышев бастаған қалың топ қоладан құйылған ескерткіш түбіне гүл шоқтарын қойды. Мирас Өтей мұның алдында «Бүгін барлығымыз Барақ батырдың туы астына жиналдық» деп еді, сырт көзге шынымен-ақ солай көрінеді екен.

Ауданға Барақ батырдың есімі беріле ме?

Аздан соң Күршім ауылында баһадүрдің рухына арнап ас берілді. Сонда белгілі журналист, осы өңірдің тумасы Мақсат Толықбайдың інісі Самат Толықбай микрофон алып, аталған мерейтойдың аясы тарылып бара жатқандығын жеткізді. Ел көлемінде тойлануы тиіс айтулы күн қазір аудан деңгейінде ғана ұйымдастырылып жатқанын айтты. Ақсақалдар да облыс басшылығының құлағына «алтын сырға» деп, егер осындай шара Өскеменде өткізілсе, Даниал Ахметов арнайы қатысса ғой деп тілек білдірді.

– Көкжал Барақ бабамыз жайлы тарих беттерінде жазулы тұрғанымен ол туралы толық зерттеліп біткен жоқ. Бұдан бөлек, мерейтой деңгейі әр жылы ауқымын кеңейтудің орнына шеңбері тарылып келе жатқандай. Бабамыз тек Шығыстың ғана емес, күллі Алаш елінің батыры. Ақсақалдар бар, тарихшылар бар, Күршім ауданына Барақ батырдың есімін беруді жөн санап отырмыз, – деді ол.

Асқа жиналған қауым да бірауыздан қолдап, рухтана түскендей қиқуға басып, шапалақ ұрды. Бастама бұған дейін де көтерілген, дегенмен мән беріп қарап жатқандары ілуде біреу сияқты. Кейбірі «Кәрі тарихтан белгілі, Күршім деген қалмақтың батыры ғой» десті. Елді елең еткізерлік ойлар аз айтылмады, бас басына бір ауыл болып отырған Көкжарлының ұрпақтары әп сәтте бірінің ойын бірі жалғап жатты.

Астан соң сағат 15:00-де Қабдолда Тұрар атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Тарихи тұлға – Көкжарлы Көкжал Барақ батыр – ұрпақтар тағзымы» атты конференция басталды. Тарихшылар мен Барақтанушылар баяндама оқып, қолбасшы өмірге келгенге дейін жоңғар тарапынан жасалған небір ойран сәттер сөз етілді. Көкжал Барақтың әкесі Шүрек баһадүр жайлы түрлі мағлұматтар айтты. Батырдың жетінші ұрпағы, тарихшы Танаш Қайырбаевтың сөзінше, анасы өтей елінен тараған. Сан рет жау қоршауын бұзып шыққан әкесінің ізін жалғап, ерлік пен өрлікті бойына сіңірген саңлақ.

– Жасөспірім шағынан-ақ қылышты қолында шебер ойнатқан Көкжал Барақ ерте күнінен бес қаруды түгел қолданып үйрене бастады. Оқта-санда болып тұратын шайқастарға да біртіндеп қатыса бастады. Маңайындағы сарбаздарды тыңдата білген һәм көкейіндегі ұсыныстары батыл айтып жүрді. Ер жеткен соң өзі қатысқан ұрыстарда, Бөкен өзені бойына еніп кеткен қалмақ қосынын талқандағандағы Көкжарлы Барақтың ерлігін Жалын батыр ерекше шабытпен айтқан. Осындай жорық шайқастардан кейін жаяу қалып қалған кездері де аз емес. Алып ұлдың салмағына шыдамаған ат болдырып қала беретін, – деді Танаш Қайырбаев.

Он бесінде қосын басқарды

Тағы бір сөзінде, ерлігінен бөлек, ер жігітке тән көркем мінездерді бойына сіңіргені үшін Үшсары атаның негізгі қосынын басқарғанын айтты. Ол кезде небәрі он бес жаста болған көрінеді.

– Арада жылдар өткен қолбасшы ретіндегі орны айшықталып, жауынгерлерге қойған талабы күшейді. Соның бірі – тоқсан жебе толы қорамсақ, екі торсық, түйе жүн шекпен – ең қажет дүниелер екенін Үшсары балалары жақсы білді. Бірде, Барақ жоқта ауылын шауып, елін зарлатайық деп уағдаласқан қалмақтың іріктелген мыңдығы тұтқиылдан бас салады. Ауылдағы қосынның дені – кәрілер мен ұл-қыздар, әйелдер бола тұра ел-жұрт аман-қалған екен. Барақ батырдың әскери талапты дер кезінде орындата білуі тәртіптің темірдей болғанын көрсетеді. Осындай талай қырғын-шайқастарда Үшсары ата балаларының аман құтылуларының құпиясы – тез қимылдап, ең жүйрік аттарға ауысып міне сала қара үзіп кетулерімен байланысты, – деді тарихшы.

Осындай тарихи мәліметтер толассыз айтылды конференция кезінде. Бұдан кейін шығып, сахнада сөз алған Нұрлан Әскетайұлы, Төлеген Кнәсілов, Еркін Ануарбековтің деректерін оқып, әңгімесін тыңдасақ та құнды ақпараттардың мол екендігі белгілі. Өкініштісі сол, осы жайлы тұтас кітап болып жарық көрген Танаш Қайырбаевтың «Көкжарлы Көкжал Барақ» еңбегімен оқырмандар әлі толық танысып үлгермеген.