Күршім ауылында облыс әкімі Даниал Ахметовтың жүлдесі үшін әкім кубогі ойнатылды. «Жайдарман» ойындарына тек облыс қана емес Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған қалаларынан келген әзілкештер бақ сынады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Жыл сайын ұйымдастырылатын әзіл ойындары биыл да күршімдіктерге көтеріңкі көңіл-күй мен қуаныш сыйлады. Әзіл – ысқақ сайысына облыстық және республикалық тоғыз команда қатысқан.
– Мұндай ірі дода біздің ауданымызда өткізіліп жатқанына өте қуаныштымын. Жастарды қолдау мен өнерді дамытуға арналған шаралар халықтың игілігі үшін. Сонымен қоса әр өңірден келген жайдарманшыларға облысымыздың тарихи, мәдени жерлерін көрсетіп табиғатымен таныстырудамыз. Бұл да өзіндік қонақжайлығымыздың көрінісі, – дейді Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов.
Күлкі думанына Күршім ауданының «Күршім», Көкпекті ауданынан «Көкжайық» құрамалары және жайдарман лигаларында өнер көрсетіп жүрген «Gold Өскемен», «Тұран – Астана», «Элемент Семей», «АТУ Алматы», «Шапалақ» сынды үздік командалар халықты әдемі әзіл мен қағытпа қалжыңдарына қарқ қылды.
«Үздік ойыншы» номинациясы «Тұран – Астана» командасынан Жүсіпжан Жамашевқа бұйырды. Ал үшінші жүлделі орын және 100 мың теңгені «Көкжайық» құрамасы иеленді. Екінші орын және 150 мың теңге «Элемент Семейге» берілсе, бірінші орынды «Gold Өскемен» командасы жеңіп алды. Бас жүлде және 300 мың теңгені «АТУ Алматы» ойыншылары иеленіп, облыс әкімінің кубогін қанжығаларына байлады. Күршім ауданы әкімінің арнайы жүлдесі Талдықорған қаласының «Шапалақ» командасына бұйырды.
– Биылғы жылғы ШҚО әкім кубогіне екінші рет келіп отырмыз. Былтыр Риддер қаласында ойын көрсеткенбіз. Сондықтан осы ойынды асыға күтіп ұзақ дайындалдық. Еңбегіміз еш кетпегеніне қуаныштымыз, – дейді Алматы технологиялық университетінің команда жеңімпаздары.
Өңір туризмін дамытуға серпіліс беретін бұл шара Күршім өңірінің тамаша табиғатын қонақтарға паш етті. Келушілер тамыры терең тарихи орындарды аралап, өзен – көлдерінің көркіне тамсанды.
– Өнер көрсеткен топтардың барлығы үздік әзілкештерден құралған. Жыл сайынғы өсу байқалады. Ұйымдастырушылық деңгейі өте жоғары. Тек әзіл мейрамы ғана емес тарихи – мәдени ерекшеліктермен де таңдандыруда. Ең бастысы, бұл – маңызды шараның игілікті бастамасы. Өйткені барлық жиналған қаржы жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының тұрғындарына жіберілетін болады, – дейді Қазақстан КВН одағының президенті Есен Елеукен.
Айта кетейік «Жайдарман» ойындары қайырымдылық мақсаттағы шаралардың бірі. Бірнеше күн бұрын Өскемен қаласында жайдарманшылардың бастамасымен және тұрғындар көмегімен қан тапсырылып, түскен қаржының барлығы арыстықтарды қолдауға жөнелтілген болатын.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ