Күршім ауданында ақпан айының 14-нен бастап “Балалардың жолдағы қауіпсіздігі“ онкүндік республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Басты міндет – қыста балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу. Іс-шара аясында мектептер мен мектепке дейінгі білім беретін мекемелерде профилактикалық жұмыс күшейеді.
- Құрметті, ата-аналар, балаларыңызға жол бойында ойнауға болмайтындығын, көлік көп жерде жолды тек белгіленген жерден өту керектігін, бас киімнің астындағы музыка қосылған құлаққаппен жүру қауіпті екендігін түсіндіріңіздер. Қыста көлікті тежеу айтарлықтай қиындай түседі, сондықтан жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін сақтаған күннің өзінде аса қырағылық таныту керек. Сондықтан балаларды жолда абай болуға шақырамын, - делінген аудан басшылығы ұсынған мәліметте.
Аталған жедел алдын алу іс-шара барысында Күршім аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен мектептерде жол жүру ережесі бойынша Күршім ауылындағы төрт мектепте тиісті сабақтар өткізілді.
Көше жолының маңындағы мектептер және мектепке дейінгі оқу орындарының маңында орналасқан жол белгілерін жаңартып, жаңадан орнату бойынша аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне төрт ұйғарым берілді. Жедел алдын алу іс-шарасы басталғалы 615 баптың 1-ші бөлігімен азаматтарға әкімшілік хаттамалар толтырылды, - делінген мәліметте.
Аталған шара 24-ші ақпанға дейін жалғаспақ.