Күршім ауданындағы Аманат ауылында ауызсу мен интернет мәселесі шешілмей жатыр

1433
көрілім
Фотосуретті ұсынған оқырман

Тұрғындар мұны қатардағы тақырып емес, жанайқай ретінде жеткізді. Балықшы ауылдық округіне қарасты елдімекен жұрты талай жылдан бері байланыс нашарлап, көптің көңілінен шығар өзгеріс байқалмай жатқанын айтты. Жергілікті әкімдік құрғақ уәдемен құтылып жүрген көрінеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Әкім бәрінен хабардар»

Аманаттықтарды қапаландыратын бір жайт – көп өзгеріс Жолнұсқау мен Ақсуат ауылдарын қамтып, туған ауылдарына келгенде қаржы бітіп, жұмыс жүрмей қалады. Айтуларынша, бұл көршілес елдімекендерге деген қызғаныш емес, тек талай жылдан бері қайталанып жүрген әрекетсіздікті көріп ой түйген.

– Ауызсу мәселесін айтсақ та, иенге тартылмаған интернетті сөз етсек те, бәрі жылдан-жылға шегеріліп келеді. «Орындаймыз» деп уәде бергендерінен не пайда, сол күйі жоспарға енбейді. Округ әкімі мұндағы кем-кетіктің бәрінен хабардар, – деді ауыл тұрғыны Гүлнәзия Тлеукенова.

Күршім ауданы әкімдігі Аманаттағы тұрғындары саны – 214 адам екенін айтты. Аудандық сәулет, құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі мәліметінше, өткен жылы ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Атауы ұзақ мекеменің берген жауабында 2020 жылы Мәдениет үйінің салынғаны жазылған.

– Өзгерістер жоқ емес. Бірақ, халыққа ең қажеттісі бұлармен шектелмейді. Интернет пен таза ауызсу машақаты – көп жылдан бері мұрты бұзылмай келе жатқан түйткіл. Қазір халық сеніміне де селкеу түсе бастады. Тиісті жағдай жасалмағандықтан тұрғындар көшіп жатыр, – деді ауылдастар.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылы 200 метр тереңдікте скважина қазылып, алты құдық орнатылды. Былтыр жағалауға 150 метрге тас төгіліп, көтерме жол салынды. Тұрғындардан осыған қатысты өтініш-сауал түспепті. Әкімдік өкілдері Аманат ауылында интернет жоқ деп ашып айтты.

«Сапасыз тартылған су құбыры»

Тұрғындар сөзінше, жағалау маңынан Е (интернет жылдамдығы) әрең ұстайды.

– Мұның себебі сол, өткен жылы 250+ бағдарламасына сәйкес интернет тарту, оның жылдамдығын арттыру бойынша жұмыстар атқарылды. Ауыл тұрғындарының саны 250 адамнан аз болғандықтан бұл бағдарламаға енбеді, – деді жоғарыда жазылған бөлім басшысы Ерасыл Ашимов.

Былтыр интернет тарту бойынша атқарылған жұмыстар мынадай:

Ауыл атауы

Антенна биіктігі

Жоба құны

1

Жолнұсқауда

Биіктігі 30 метр антенна-діңгек құрылысы

92 млн 812 мың теңге

2

Үшбұлақ ауылынан батысқа қарай 5,4 шақырым жерде

Биіктігі 40 метр антенна-діңгек құрылысы

186 млн 402 мың теңге

3

Амангелді ауылының солтүстік-батысына қарай 7,3 шақырым жерде

Биіктігі 40 метр антенна-діңгек құрылысы

188 млн 426 мың теңге

4

Егіндібұлақ ауылының солтүстік-шығысына қарай 15 шақырым жерде

Биіктігі 35 метр антенна-діңгек құрылысын салу

159 млн 197 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптама қорытындысы алынды

Осы ауылдар бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптама қорытындысы алынған. Өкініштісі сол, тізімде Аманат жоқ.

Таза ауызсуға қатысты ұсынылған жауап та қуанта қоймады. Бұрыннан орнатылған құдықтардағы құбырлар осыған дейін жиі қатқан көрінеді. Әкімдік қазіргі уақытта орнатылған алты құдықтың барлығы істеп тұрғанын жеткізді.

– Қыстыгүні ауызсуды орталық құдықтан аламыз, кейде істемей жатады. Ол уақытта көлден жаяу тасимыз. Далада -30°C аяз тұрғанда мұз бетіне шығып, құдық ойып, су тасыған қалай болады? Ойлап көріңіздерші?! Жаз айларында құдықты күніне тек бір рет қосады. Үлгермей қалсаң, ол да жоқ, – деді аманаттықтар.

Тұрғындар сөзінше, су құбыры әу баста сапасыз етіп орнатылған. Оны үйге тарту үшін қомақты ақша сұралатын көрінетін. Төлемге келгенде көбінің қалтасы көтермейді. Ерасыл Ашимовтың ақпаратынша, 2022 жылдың 21-ші шілдесінде «Еңбек-Өскемен» шаруашылық құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынмен бірлесе тиісті жұмыс атқарылды. Нақты айтсақ, 46 млн теңгеге ұңғыма қазылған. Әрі қарайғы сөйлемдер жоғарыда көрсетіліп кеткен алты құдық орнатылғанын қайталайды. Түрлі себептерге сәйкес, соңғы жылдары Аманаттан сегіз отбасы көшкен. Оның ішінде, үш шаңырақ қыста қалаға көшіп, жаз айларында ауылға оралады.

Ұсынылған жауапқа сүйенсек, аталған елдімекенге жуық арада интернет тартылмайтын сияқты. Былайша айтқанда, 46 адам осы қоныс аударуы қажет немесе әкімдік ғаламтор мәселесін шешуде басқа әдістер іздестіруі тиіс. Ауызсуға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар да ауыл жұртының көңілінен шықпай отыр.

Әділхан БОЛАТХАНҰЛЫ