Күршім ауданындағы тау-кен кәсіпорнында қауіпсіздік техникасы сақталмауынан жұмысшы мерт болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Маралды ауылындағы тау-кен кәсіпорнында жазатайым оқиға болды. Қауіпсіздік техникасының сақталмауы салдарынан «Мырзатаев» ЖК-ның краншысы көз жұмды. Оқиға орнына прокурор, полиция, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары барды.
- Алдын ала мәліметтер бойынша кран батып қалып, жұмысшы бульдозер жүргізушісінен оны сүйреп шығаруды сұрады. Бірақ қауіпсіздік шаралары сақталмағандықтан бульдозер сырғып кетіп, краншы екі техниканың арасында қалып қойды. Алған жарақаттардан ол сол жерде мерт болды, - делінген ақпаратта.
Аталған кәсіпорында еңбек заңнамасы мен еңбекті қорғау нормаларының сақталуы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
Талғатжан МҰХАМЕТБЕКҰЛЫ