Күршім ауданындағы көпбалалы ана атаулы әлеуметтік көмектен қағылып отырғандығына шағымданды

731
көрілім

Бұқара.кз сайтының редакциясына Күршім ауданы Маралды ауылынан хабарласқан оқырманымыз отбасына атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалмай келетіндігіне наразылығын білдірді. Жергілікті жердегі бөлім қызметкерлері оның жолдасының жұмысқа тіркеуге тұруы керектігін айтып мұндай төлемақы түрін тағайындаудан бас тартқан көрінеді. Анық-қанығын білу үшін газет тілшісі Күршім ауданының әкімдігіне сұраухат жіберіп көрді. Ресми жауап жолдаған шенеуніктердің мәліметіне сүйенсек, кінә көпбалалы ананың өзінен болып шықты.

Маралды ауылының тұрғыны Арайлым Молдашева (аты-жөні өзгертілген) төрт баланың анасы. Күтіміндегі 18 жасқа дейінгі бір баласы II топтағы мүгедек.

– Көпбалалы жанұяларға атаулы әлеуметтік көмек төленетіндігін естігенде қатты қуандық, – дейді ол. – Бірден құжаттарымызды жинастырып, тиісті мекемеге жүгіндік. Алайда бөлім қызметкерлері күйеуімнің жұмысқа тіркеуге тұруы қажеттігін алға тартты. «Онсыз төлемақы тағайындалмайды» дейді олар. Бұл қаншалықты дұрыс?

Отбасының отағасы жұмыссыз екен. Жеке қосалқы шаруашылықтарында ірі қара, ұсақ мал тіркелген.

Құжат не себепті қабылданбады?

Күршім ауданы әкімінің орынбасары Рәзия Үмітбаеваның айтуынша, Арайлым Молдашева мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес әрекет етпеген.

– Өтініш иесінің құжаттары Маралды ауылдық округіне тапсырылды. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау заңдылығына сәйкес отбасының еңбекке қабілетті әрбір мүшесі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылуға міндеттеледі. Сол себепті оған Маралды ауылдық округі әкімінің қабылдауында Күршім ауданы әкімдігінің ХЖҚО мемлекеттік қызмет көрсету стандары бойынша жұмыссыздыққа тіркелу керектігі түсіндірілген. Бірақ ол кісі келген жоқ. Ал жұмыссыз есебінде тіркеуде болмағандықтан құжаттары қабылданған жоқ, – дейді Рәзия Үмітбаева.

Оның сөзіне сенсек, Арайлым Молдашеваның мектеп жасындағы 2 баласы тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Былтырғы жылдың қыркүйек айында «Мектепке жол» акциясы аясында балғындарға сабаққа қажетті құрал-жабдықтар беріліпті. Бұдан бөлек, көпбалалы ананың 2004 жылы туған ұлына «Кеңсу» туристік базасына тегін жолдама бөлінген.

– Әрбір ауылдық округтерде учаскелік комиссия құрамы өкім арқылы бекітілген, өтініш берген әрбір отбасының жағдайын тексеріп қорытынды жасайды. Жалпы Күршім ауданында бүгінгі күнге 436 жанұяға (2150 адам) жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ