Күршім ауданындағы Маралды және Үшбұлақ ауылдарының арасындағы жол жөнделеді

712
көрілім
Шартты фотосурет

"Маралды мен Үшбұлақтың арасындағы жолдың жағдайы сын көтермейді" Міне осындай шағым жасаған Үшбұлақ ауылының тұрғыны газет редакциясына қоңырау шалған еді. Қыста қардың, жазда шаңның, көктем-күзде қара балшықтың әуресін тартқан ауылдықтар кәсіптерінің кәдірін көрмей, қаражаттан қағылып отырғандарын алға тартты. Ал жергілікті билік болса, соңғы рет үш жыл бұрын жөндеу көрген аталмыш жол бөлігін биылғы жылдың мамыр айында тегістемек көрінеді.

"Кәсіптің кәдірін көрсек"

- Маралдыға апаратын жиырма шақырымдық жолды жетпіс шақырымға татитындай уақыта жүреміз. Қыста қарға, жазда шаңға бөккен жолдың жағдайы соңғы жылдары тым нашарлап кетті. Грейдер техникасын шығаруға жанар-жағармай жоқ көрінеді. Тым болмағанда күрейтін техниканы әкімдік тарапынан шығарса жанар-жағармай ақысын өзіміз-ақ төлер едік, - деді газет редакциясына хабарласқан оқырмандарымыздың бірі.

Үшбұлақ ауылында омарта шаруашылықтарының көп екенін алға тартқан ол шаруагерлер бейнетінің зейнетін көре алмай отырғанын айтады. Бал өнімдерін қабылдауға келген саудагерлер жолдың сиқын көріп Маралдыдан әрі асқысы келмейтінін тілге тиек етті. Осылайша кәсіптің кәдірін көруден қалған ауылдықтар басқа амалдары болмаған соң газет редакциясына хабарласқан.

Биыл жол жөнделеді

Газет редакциясына ресми хатпен жауап берген Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев аудандық маңызға ие 25 шақырымдық "Маралды-Үшбұлақ" автожолының осыдан үш жыл бұрын жөндеу көргенін айтады.

- Соңғы рет аталмыш бағыттағы жолға 2016 жылы 2154,0 мың теңге қаражат бөлініп, бір шақырым жолға қиыршық тас төгіліп, жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Жолдарды көктем және күз мезгілінде жоспарлы түрде және қажеттілік туындаған жағдайда қосымша тегістеу жұмыстары атқарылады, - деді Қайрат Зайнолдабекұлы.

Аталған жолды күтіп-ұстауға аудандық бюджет тапшылығына байланысты қаржы бөлінбегенін тілге тиек еткен ол ағымдағы жылы облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, мамыр айында грейдерлеу жұмыстарының жүргізілетінін айтты.

- Бұл жолды күтіп-ұстау жауапкершілігі аудан әкімдігіне қарасты "Күршім" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына жүктелген. Жолды орташа жөндеуден өткізу үшін еліміздің Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінен 2019 жылдың 18 қаңтарында №373-ші ведомстволық сараптамасы алынып, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім өткізілді, - деп қосты жауапты тұлға.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ