Аталмыш жұмысты қолға алған кәсіпкер Данияр Оразиманов қауырт жұмысты күзге қарай аяқтап, қолданысқа беруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан әкімі Дулат Қажанов осы жылы Күршім өңірінің көркеюіне қатысты бірқатар жұмыстардың шеті шығатынын мәлімдеді. Белгілі болғандай, жауапты тұлға «Жұмыспен қамту Жол картасы» бағдарламасы аясында Ақжайлау ауылындағы клуб үйін жөндеу жұмыстарымен танысып, тиісті тапсырмалар берген. Одан бөлек, қоғамдық монша мәселесіне де тоқталды.
– Марқакөл ауылында кәсіпкер Данияр Оразиманов қоғамдық моншаны қайта іске қосуды қолға алуда. Іскер азаматпен кездесіп, алдағы жоспары туралы мәселені талқыладық. Жергілікті ауылдық округ әкімдігі тарапынан қажетті қолдау көрсетілуде. Нысан осы жылдың күзінде қолданысқа беріледі деп жоспарлануда, – деді Дулат Зайсанбекұлы.
Бұған қоса, өңірде туризмді дамыту мақсатында кәсіпкер Серік Набиев Уранхайка ауылында заман талабына сай демалыс үйлерінің құрылысын жүргізуде.